Қарағандыда боксшыларды әлем біріншіліктеріндегі жетістіктерімен құттықтады. Шахтинск спортшысы Сабыржан Аққалықов Әлем кубогының чемпионы атанды және Қазақстанның ең әлеуетті былғары қолғап шеберлерінің бірі мәртебесін растады. Аида Әбікеева осы турнирде қола жүлдеге ие болды. Милана Сафронова сегіз жылдан кейін профи-рингке оралды: Түркияда ол екі дүркін әлем чемпионымен күресіп, турнир иесін жеңді.
– Қарағанды боксының жеңістері біздің өңірде спортты одан әрі дәріптеп, жаңа шыңдарға жетелейді. World Boxing аясында Астанада өткен бокстан Әлем кубогының кезеңі Қазақстан құрамасы үшін оңай болмады. Оған 30 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Нәтижесінде ел құрамасы 16 медаль жеңіп алды, оның сегізі алтын, және жалпы есепте көш бастады. Біз бұл нәтижеге өз боксшыларымыздың үлес қосқанына қуаныштымыз, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев.
Баспасөз конференциясында Астанада өтетін турнир қыркүйек айында Ливерпульде өтетін әлем чемпионатына маңызды дайындық болғанын атап өтті. Қысқа демалыстан кейін қайтадан қажырлы жұмыс басталады – босаңсуға болмайды.
Спортшылар өз әсерлерімен бөлісіп, тәлімгерлер мен жанкүйерлерге қолдау көрсеткендері үшін алғыстарын білдірді.
Сабыржан Аққалықовқа 75 кг дейінгі салмақ дәрежесінде тең келген жоқ. Финалдық жекпе-жекте ол болгариялық боксшы Рами Киванды сенімді түрде жеңіп шықты: басынан бастап басым түсіп, жекпе-жектің соңына дейін басымдықты сақтап қалды. Бұл турнир оның қарқынды спорттық мансабындағы маңызды сатыға айналды.
Сабыржан Аққалықов 11 жасынан бастап бокспен айналысады. Чемпионды Александр Насибуллин жаттықтырады.
– Біз Шахтинск қаласының тумасымыз. Жаттықтырушыма алғысымды білдіремін: ол әрқашан жанымда, қолдайды және ынталандырады. Біз жертөледе жаттығуды бастап, чемпион атағына дейін көтерілдік! – дейді Сабыржан Аққалықов. – Бұл турнирге тыңғылықты дайындалып, жеңіске жетуді көздедім. Менің салмағымда тоғыз қатысушы болды, үш жекпе-жек өткіздік, финалда болгар спортшысымен кездестім – ол Париж Олимпиадасының қатысушысы. Қарсыласым мықты, техникалық дайындығы жақсы болды. Жаттықтырушыммен жекпе-жек алдында тактика әзірлеп, жеңіске жеттік. Әрине, отанымызда өнер көрсету оңай, жанкүйерлердің қолдауы жауынгерлік рухты көтереді. Мінберден анам менің жекпе-жегімді көрді, ол жартылай финал мен финалға келді. Келесі жарыстар – Ливерпулдағы әлем чемпионаты. Дайындаламыз. 21 шілдеде Алматыда жиын басталады.
Аида Әбікеева жеті жастан бастап спортта. Әуелі футболмен айналысқан, кейін ата-анасы қызын бокс секциясына алып келген. Қазір барлық күшін спорттық мансапқа бағыттап отыр.
Астанада өткен Әлем кубогында қарағандылық 65 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жартылай финалда Түркияның атақты спортшысы, Олимпиада чемпионы Бусеназ Сюрменелиден жеңіліп қалды.
Қола жүлдегер өз нәтижесіне көңілі толмайтынын мойындады.
– Бірінші орынға ұмтылдым. Менің ойымша, күш жетпеді. Қателермен жұмыс жасаймыз. Қазір бастысы алдағы әлем чемпионатына жақсы дайындалу. Алдағы үш жылда «физикамен» жұмыс жасаймын және Олимпиадаға дайын боламын, – деді Аида Әбікеева.
34 жастағы спортшы Милана Сафронова да жаңа жеңістерге ұмтылады. Боксшының айтуынша, жанкүйерлердің қолдауы жауынгерлік рухты қуаттайды.
– Бүкіл Қазақстан саған қарайтынын сезінгенде, бұл ерекше күш береді. Өз еліңнің намысын қорғап отырғаныңды сезінесің. Сол кезде ешқандай толқулар, эмоциялар туралы ойламайсың, бар күшіңді жұмсауға тырысасың, – деп бөлісті Милана Сафронова.