Медициналық колледждерге түсу үшін таңдалған мамандыққа байланысты екі пәннің бірінен арнайы емтихан енгізілді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрлігі бұл емтихан стоматология мен ортопедиядан басқа барлық медициналық мамандыққа түсушілерге оқу түріне қарамастан міндетті болатынын мәлімдеді.
Емтихан бейіндік пәндер бойынша базалық білімді, сондай-ақ талапкердің мотивациялық деңгейін бағалауды қамтиды.
"Мемлекет басшысы жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде біз орта медициналық білім алатын мамандарды даярлау сапасына қойылатын талаптарды күшейтеміз. Мотивация мен дайындықты бағалаудың бірыңғай тәсілі есебінен түсу кезінде әділеттілік қамтамасыз етіледі. Бұл – қоғамның медициналық кадрларды даярлау жүйесіне деген сенімін арттырудың алғашқы қадамы", – делінген минисрлік хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі талапкерлер мен олардың ата-аналарын қабылдаудың жаңа шарттарымен мұқият танысуға және арнайы емтиханға алдын ала дайындалуға шақырады.
Қосымша ақпарат, тапсырма үлгілері, емтихан кестесі және өту ережелері ресми сайттарда, оқу орындарының ақпараттық жүйелерінде жарияланады.