Қарағанды облысының мерзімді әскери қызмет өткерген жүз отыз тұрғыны еліміздің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды. Оларға білім гранттары табыс етілді.
Жауынгерлік даярлықта, қызметтік міндеттерін орындау кезінде жоғары нәтижелер және қызмет атқару кезінде үздік тәртіп көрсеткендер тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Оқуға түсуге гранттарды Халықаралық инженерлік-технологиялық университет, Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті, Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университет, Е. А. Бөкетов атындағы университет, индустриялық университет, Ұлттық ұлан академиясы, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т. Ж. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты, Қазақ спорт және туризм академиясы, Astana IT University және еліміздің басқа да жоғары оқу орындары ұсынды.
Болашақ студенттер бүгінгі таңда сұранысқа ие мамандықтар – азық-түлік өндірісі, туризм саласындағы менеджмент, металл өңдеу, ақпараттық технологиялар, пайдалы қазбаларды өндіру, сондай-ақ түрлі әскери мамандықтар алуға ниетті.
Мысалы, Осакаров ауданында әскери қызметте болған алты жас азаматқа білім грантын алуға сертификаттар табыс етілді.
– Бағдарлама жастарды әскерде қызмет етуге, өздерінің әскери борыштарын лайықты атқаруға және өмірде өздерін табуға ынталандыруы тиіс, – деп атап өтті Осакаров ауданы әкімінің орынбасары Динара Көшкенова.
Сертификаттар екі жыл бойы жарамды. Осы уақыт ішінде талапкерлерге ЖОО-ға құжат тапсыру қажет.
Осакаров ауданының тұрғыны Николай Корж Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде оқуды жоспарлап отыр. Ол «механик және металл өңдеу» мамандығын таңдады.
– Тегін жоғары білім алуға мүмкіндік бергені үшін мемлекетке алғыс айтамын, – деді Николай Корж. – Кәсіпқой болу үшін жақсы оқуға тырысамын.
Қазақстанда конкурстық іріктеуге барлығы 17 500 әскери қызметші қатысты.