BANNER

Астанадағы цирк қойылымында гимнаст 5 метр биіктіктен құлады

Фото: yandex.kz

18 мамырда Астана циркіндегі шоуда акробат қыз бес метр биіктіктен құлап кетті. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. Куәгерлердің айтуынша, бұл жайт қараңғыда болғандықтан көрермендер басында мән-жайды түсінбей қалған. Кейінірек цирк өкілдері осы оқиғаға пікір білдірді.

"Ол спорт шебері, күрделі трюктарды сақтандырусыз орындауға дағдыланған, жеңіл жарақат алды, жақын арада аренаға оралып, цирк көрермендерін қуанта береді", – дейді цирк әкімшілігі.

Астана денсаулық сақтау басқармасы өкілдері акробаттың қазіргі жағдайынан хабардар етті.

"Қыз циркте 5 метр биіктіктен құлап жарақат алды. Оны оқиға орнынан жедел жәрдем бригадасы алып кетті. Оған бас жарақаты және миы шайқалған деген диагноз қойылды. Жалпы жағдайы орташа, тұрақты", – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Әртістер өнер көрсеткен шоу 1 маусымға дейін жалғасады.