Әлеуметтік желіде жаназа шығарылып жатқанда ақша шашқан жұрт оңбай сынға қалды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Желі қолданушылары марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда ақша шашып, оны жанталаса жинау дұрыс емес деп санайды. Имамдар да бұл оймен келісті.
Видеодан ақ матаға оралған мәйітті туыстарының көтеріп келе жатқанын көруге болады. Сол кезде жиналғандардың бірнешеуі ақша шашса, енді бірі оны жинап әлек болды. Оқиғаның Қазақстанның қай өңірінде болғаны әзірге белгісіз. Желіде тараған видеоның астында 103 жасқа келіп қайтыс болған әженің жаназасы шығарып жатқаны жазылған. Сондықтан ғасырдан аса жасаған қарияға жақындары осылай құрмет жасаған көрінеді. Алайда мешіт имамдары қара жамылған үйде шулап, жаназаны той секілді өткізу, ысырапшылдыққа жол беру Ислам дінінде рұқсат етілмеген дейді.
“Қай жасқа келген жақынымыздан айырылсақ та, бұл біз үшін ешқашан той болмақ емес. Шашу деген нәрсе – тойға тән дүние. Яғни келін келгенде шашу шашады, қуанышта шашу шашады. Адам қаза болғанда шашу шашуды дініміз де, дәстүріміз де жалпы сау адамның ақылы оны қабылдамайтын дүние”, – дейді Ақмешіт-Сырдария мешітінің наиб имамы Жақсыбек Әбиұлы.