BANNER

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандарға спортты қалай қолжетімді ету мәселесі талқыланды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына орын жетіспейді – осындай мәселемен тұрғындар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа жеке кездесуінде жүгінді. Жағдайды егжей-тегжейлі талқылау үшін өңір басшысы мемлекеттік органдар өкілдері мен белсенділердің қатысуымен арнайы кеңес өткізді.

Кездесуде бейімделген залдардың, арнайы жабдықтардың жетіспеушілігі мәселелері көтерілді, сондай-ақ осы әлеуметтік міндетті шешуге фитнес-бизнестің тартылуының жеткіліксіздігі туралы айтылды.

Бүгінде облыста 5 мыңнан астам мүгедек спортпен шұғылданады, олардың 105-і ҚР ұлттық құрамасына кіреді. Облыстық мамандандырылған мектепте тірек-қимыл аппараты, есту және көру қабілеті бұзылған 430 адам спорттың 18 түрімен айналысады. Алайда, Ермағанбет Бөлекпаев атап өткендей, бұл жеткіліксіз: секцияға қатысушылардың көпшілігі – 18 жасқа дейінгі балалар, ал ересектер назардан тыс қалуда.

– Біз мүгедектігі бар адамдар белсенді өмір салтын ұстануы үшін жағдай жасауымыз керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев. – Қоғамдық ұйымдарға қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, бірақ бұл іске әсіресе фитнес және спорт саласындағы кәсіпкерлердің де араласқаны маңызды.

Спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің айтуынша, жалпы бизнес бұл мәселеде байланысқа шыққысы келмейді.

Белсенділер мүмкіндігі шектеулі спортшылардың атынан облыс әкіміне өз бастамаларын ұсынды.

– Бізге жаттығуға арналған арнайы жабдықтар мен спорттық іс-шараларды өткізуге арналған орындар жетіспейді, – деп атап өтті бастамашыл топтың өкілі Қымбатбек Дұрлан. – Бұдан басқа, қалада тірек-қимыл жүйесі бұзылған адамдарға бейімделген тренажерлар жоқ. Тренажер шығаратын цех ашуға болады. Және мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құру.

Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды әкімі Мейрам Қожуховқа осы мәселеде көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев мәселені уақытша шешу үшін белсенді өмір сүру орталықтары базасында мамандандырылған спорт залдары желісін құруды ұсынды.

Әрбір айтылған ұсыныс бойынша нақты шаралар қабылданады – Ермағанбет Бөлекпаев осы мәселелерді шешуде жүйелі тәсілдің маңыздылығын атап өтті. 

Сондай-ақ, ол көп функционалды спорт кешенінің жобасы әзірленіп жатқанын, онда мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың бірнеше түрлерімен бір жерде айналыса алатынын айтты.