BANNER

Қарағанды облысында мектеп бітіру салтанаты өтетін күндер белгіленді

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау соғу күндері анықталды. Соңғы қоңырау 23–24 мамырда, ал мектеп бітіру кештері емтихандар мен аттестаттар тапсырылғаннан кейін 18–20 маусымда атап өтіледі.

Биыл өңірде 8 267 он бірінші сынып оқушысы мен 16 745 тоғызыншы сынып оқушысы мектеп бітіреді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұсыныстарына сәйкес мектептерде оқу жылы 23 мамырда аяқталады. Бұл күні «Білімім – Отаныма!» тақырыбымен бірыңғай сынып сағаттары өтеді. «Адал азамат» бірыңғай бағдарламасына сәйкес құндылықтар мен тәрбие беруге баса назар аударылған.

Бұдан басқа, министрлік барлық оқушылар арасында эссе конкурсын өткізу туралы ұсынымдар әзірледі. Тақырыбы: «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат». Үздік жұмыстар сынып сағатында оқылады, авторлар марапатталады. Дәстүр бойынша сынып жетекшілері балаларға жазда оқитын әдебиеттер тізімін таратып, демалыстағы қауіпсіздік шараларын еске салады.

11 сынып түлектері үшін оқу жылы аяқталғаннан кейін соңғы қоңырау 23 немесе 24 мамырда педагогикалық кеңестің шешімі негізінде өткізіледі.

Мектеп бітіру емтихандары 29 мамырдан 10 маусымға дейін, он бірінші сынып оқушылары үшін 30 мамырдан 16 маусымға дейін өтеді. Аттестаттау аяқталғаннан кейін мектептер аттестаттар тапсыру және бітіру кештерін өткізеді.

– Педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ата-аналардан ақша жинауға, аниматорлар, агенттіктер мен жеке студияларды тартуға, көліктерді жалға алуға және кортеждер ұйымдастыруға тыйым салынады, – деп еске салды тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Аруна Мұқашева. – Мектеп әкімшіліктері мен мұғалімдерге сыйлық алуға қаражат жинауға қатаң тыйым салынған.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының түлектері мен 4-сынып оқушылары үшін салтанатты шаралар өткізуге тыйым салынады. Білім беру ұйымдарында бұзушылықтар анықталған жағдайда заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қабылданатын болады.