Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасының (онкологиялық орталық) мамандары өңір тұрғындарына скринингтік тексерулерден уақытылы өтудің маңыздылығын еске салады. Жуырда орын алған клиникалық жағдайлардың бірі профилактикалық тексерудің онкологиялық аурудың дамуын болдырмауға және науқасты күрделі хирургиялық отадан құтқаруға мүмкіндік беретінін көрсетті.
Облыстың 75 жастағы тұрғыны колоректальды обырға қарсы скринингтен өткен кезде нәжістегі жасырын қанға жүргізілген тест оң нәтиже көрсетті. Осыдан кейін науқас онкологиялық орталыққа қосымша тексеруге жіберілді. Колоноскопия барысында эндоскопиялық бөлімшенің мамандары тоқ ішектен көлемі 0,5-тен 4 сантиметрге дейінгі бірнеше полип анықтады. Олардың бірі ерекше ірі болып, қатерлі ісікке айналу қаупі жоғары еді.
Эндоскопиялық орталықтың меңгерушісі Индира Хамитованың айтуынша, мұндай түзілістер ісік алды жағдайларға жатады және міндетті түрде алынып тасталуы қажет.
«Эндоскопияның заманауи мүмкіндіктері бізге мұндай түзілістерді үлкен тіліктерсіз және жарақаты аз тәсілмен толық алып тастауға мүмкіндік береді. Біз ісіктің дамуын болдырмауға және пациенттің өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік беретін өзгертілген тіндермен бірге неоплазманы толығымен кесеміз», – дейді Индира Хамитова.
Бұдан бірнеше жыл бұрын осындай патологиясы бар пациентке ішектің бір бөлігін алып тастауды қажет ететін күрделі ашық операция жасалуы мүмкін еді. Бүгінде эндоскопиялық технологиялардың дамуының арқасында емдеу іш қуысы ашылмай-ақ, эндоскоп арқылы аз инвазивті тәсілмен жүргізіледі.
Онкологиялық орталықта мұндай оталардың саны тұрақты түрде артып келе жатқанын атап өтті. Егер 2024 жылы мамандар обыр алды аурулар мен қатерлі ісіктің ерте түрлеріне байланысты 24 эндоскопиялық араласу жүргізсе, 2025 жылы олардың саны 42-ге жеткен. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айында ғана осындай 35 ота жасалды. Барлық араласулар сәтті өтіп, науқастарды жарақаты ауыр хирургиялық емнен құтқаруға мүмкіндік берді.
Ауруларды ерте анықтауда жоғары айқындықтағы заманауи эндоскопиялық жабдықтардың маңызы зор.
«Бүгінде біз шырышты қабықтағы ең кішкентай өзгерістерді анықтап қана қоймай, зерттеу барысында тіндердің сипатын да бағалай аламыз. Бұл диагностиканың тиімділігін едәуір арттырып, емдеу тактикасын уақытылы таңдауға мүмкіндік береді», – дейді Индира Хамитова.
Мамандар скринингтік тексерулер де, одан кейінгі эндоскопиялық емдеу де науқастар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізілетінін атап өтті.
«Скринингтен кейін қосымша тексеруге жіберілген кезде мұндай күрделі өзгерістер анықталады деп ойлаған жоқпын. Ешқандай шағымым болған жоқ. Дәрігерлердің арқасында бәрі дер кезінде анықталып, үлкен отасыз алынып тасталды. Енді скринингтен өтудің және тексерулерді кейінге қалдырмаудың қаншалықты маңызды екенін түсіндім», – дейді науқас.
Дәрігерлер өңір тұрғындарын профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмауға шақырады. Колоректальды ісік – ең жиі кездесетін онкологиялық аурулардың бірі. Алайда обыр алды өзгерістерді уақытылы анықтап, жою арқылы оның дамуының алдын алуға болады.
75 жастағы науқастың оқиғасы скринингтен тұрақты түрде өтудің қауіпті өзгерістерді белгілері пайда болмай тұрып анықтауға және денсаулықты ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік беретінінің тағы бір дәлелі болды.
Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру Қоры филиалының баспасөз қызметі