Павлодар қаласында тұратын әйелдің жанайқайы әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударды

Фото: Iıfe09

Оқиға жайлы Life09 ақпарат агенттігі Sputnik_aitady телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, ол өткен қыркүйекте алты жасар ерекше күтімді қажет ететін баласын емдету үшін қалаға қоныс аударған. Алайда жаңа мекен тыныштық емес, керісінше үрей мен мазасыздықтың мекеніне айналған.

Әйелдің сөзінше, жоғары қабатта тұратын көршісі түн баласы ұйқы бермей, айқай-шу шығарып, баланың зәресін алады. Әсіресе, қорғансыз бүлдіршіннің психологиялық жағдайы анасына қатты алаңдаушылық туғызған. Шарасыз қалған ана құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болады.

Алайда бұл қадам жағдайды жеңілдетудің орнына, одан әрі ушықтырып жіберген. Әйелдің айтуынша, көрші ер адам бұрынғыдан бетер әлімжеттік көрсетіп, күндіз-түні маза бермей, қорқытуын тоқтатпаған.

Бұл іске қатысты полиция түсініктеме берді. Ресми мәліметке сүйенсек, тәртіп бұзған азамат пәтерден шығарылып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған. Оған 30 тәулікке тұрғылықты жерінен шықпау туралы қолхат алынып, ресми ескерту жасалған.

Дегенмен, жәбірленуші тарап үшін бұл шаралар жеткілікті ме — бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр.