Қарағандыда екі тұрғын Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайымен болған жанжалға қатысты полицияға арызданды. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі stankznews телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйелдердің айтуынша, боксшының жұбайы Майқұдықтағы пәтерлеріне келіп, атасына қатысты мәселе бойынша наразылық білдірген. Оқиға барысында сөзге келіп, олардың бірі шашынан тартып, қол көтергенін айтты. Жанжалға әйелдің атасы да араласқан.
Екі тарап та құқық қорғау органдарына жүгінген. Алайда боксшының жұбайы өзіне тағылған айыптауларды жоққа шығарып, бұл оқиға спортшының атын пайдаланып назар аудартуға бағытталған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Қарағанды облысы полициясы сотқа дейінгі тергеу басталғанын, тиісті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады.
