«Қызмет. Абырой. Болашақ»: Құқық қорғау саласындағы адалдық пен жасанды интеллект мәселелері талқыланды

Фото: ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының баспасөз қызметінен

ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында «Қызмет. Абырой. Болашақ» атты форум өтті.

Іс-шараға құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов, полиция ардагерлері, сондай-ақ академияның оқытушылары мен курсанттары қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заңдылық пен адалдық қағидаттарын нығайту және құқық қорғау қызметінде жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселелерін талқылау болды.

Жиында департамент басшысының орынбасары Бахтияр Макеев сөз сөйлеп, құқық қорғау саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, жемқорлықтың алдын алу және болашақ ІІМ қызметкерлерінің бойында адалдық қасиетін сіңіру бағытындағы негізгі басымдықтарға тоқталды.

Сонымен қатар, қатысушылар жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен цифрландырудың құқық қорғау жүйесіндегі рөлі төңірегінде өзара пікір алмасты.