Құмар ойындар мен мемлекеттік қызмет — бір-бірімен үйлеспейтін ұғымдар

Фото: Life09

 

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңда мемлекеттік қызметшілер үшін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға байланысты жаңа міндетті талап белгіленді.

Заңға сәйкес мемлекеттік қызметші, сондай-ақ мемлекеттік лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаратын адам мемлекеттік лауазымға кіріскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын өз бетінше шектеуге міндетті.

Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметшіге құмар ойындар ойнауға және бәс тігуге болмайды. Бұл шектеу казиноға баруға, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың ойындарына, сондай-ақ лицензияланған интернет-платформалар арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға қолданылады.

Бұл ретте адамның құмар ойындар ойнамайтынын және бәс тікпейтінін жай ғана айтуы жеткіліксіз. Өзін-өзі шектеу «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ресми түрде рәсімделуге тиіс. Өтінішті электрондық нысанда, оның ішінде eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.

Өтініш рәсімделгеннен кейін азамат туралы мәліметтер құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізіміне енгізіледі. Бұл оның лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік платформаларға қол жеткізуін шектеуге мүмкіндік береді.

Белгіленген отыз күндік мерзім мемлекеттік лауазымға тұрақты негізде тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге де, мемлекеттік лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаратын адамдарға да қолданылады. Мерзім мемлекеттік лауазымға кіріскен күннен бастап есептеледі.

Демек, өзін-өзі шектеу ұсыным немесе формалды рәсім емес, мемлекеттік қызметші мәртебесіне тікелей байланысты міндет болып табылады. Бұл міндетті орындамау және заңда белгіленген шектеулерді сақтамау мемлекеттік қызметтен босатуға дейінгі заңнамада көзделген жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Мұндай талап не үшін енгізілді? Құмар ойындарға қатысу ойынға тәуелділікке, елеулі қарыздарға, отбасылық жанжалдарға және материалдық жағдайдың нашарлауына алып келуі мүмкін. Мемлекеттік қызметші үшін мұндай салдарлар қосымша тәуекелдер туғызады. Қаржылық қиындықтар адамды заңсыз ықпалға осал етіп, құқыққа қайшы табыс көздерін іздеу ықтималдығын арттыруы мүмкін.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтің ерекше мәртебесі лауазымдық міндеттерді орындау кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де жауапты мінез-құлықты талап етеді. Мемлекеттік қызметшінің әрекеттері оның сенімділігіне, адалдығына және мемлекетті лайықты таныта алу қабілетіне күмән келтірмеуге тиіс.

Заңда белгіленген талаптардың аражігін ажырата білу маңызды. Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды міндетті түрде шектеу мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерге жатады.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметші «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды. Белгіленген шектеулерді қабылдаудан бас тарту мемлекеттік қызметке орналасуға кедергі келтіреді, ал оларды сақтамау заңда көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болуы мүмкін.

Осылайша, мемлекеттік қызметке орналасу жоғары жауапкершілікті саналы түрде қабылдауды білдіреді. Оның бір көрінісі — құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан бас тарту және міндетті өзін-өзі шектеуді белгіленген мерзімде рәсімдеу.

Жаңа норманың басты мақсаты — ойынға тәуелділіктің және онымен байланысты әлеуметтік, қаржылық әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін сақтау.

Бұл талапты орындау мемлекеттік қызметшінің кәсіби жауапкершілігінің маңызды бөлігіне айналады.