Қарағандылық спортшылар велотректегі Азия чемпионатында төрт алтын және екі күміс медаль жеңіп алды

gov.kz

Филиппиннің Тагайтай қаласында өткен велотректегі Азия чемпионатында Қарағанды облысының спортшылары алты медаль жеңіп алды. Олардың қоржынында — төрт алтын және екі күміс жүлде.

Ұлттық құрама қоржынына алғашқы алтын жүлдені Теміртаудан шыққан велошабандоз Кирилл Курдиди салды. Ол бір шақырымдық жарыста үздік атанды.

Тағы екі алтын медальді Аружан Қабдулова иеленді. Ол командалық және жұптық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Ал ұпай саны бойынша топтық жарыста екінші орынды еншіледі.

Командалық жарыста алтын жүлдені облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі Әлия Бұқаева да жеңіп алды.

Тағы бір күміс жүлдені жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілі Ілияс Қарабұтов мэдисон — жұптық жарыс түрінде иеленді.

— Спортшылар өздерінің ең үздік нәтижелерін көрсетті. Жаттықтырушы ретінде менің үмітім толық ақталды. Жарыстар оңай болған жоқ, қарсыластар да өте мықты болды. Әсіресе Қытай мен Жапония спортшылары айрықша дайындықпен келді. Бұған дейін біз оларға есе жібергенбіз, сондықтан бұл жолы оларды жеңу аса маңызды болды, — деп атап өтті Қарағанды облысының велоспорт бойынша аға жаттықтырушысы Сергей Ульбрихт.

Қарқынды бәсеке мен жоғары нәтижелерге қарамастан, спортшыларды ұзақ демалыс күтіп тұрған жоқ. Алда — осы күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына қызу дайындық кезеңі.