Қарағандылық боксшылар 2026 жылғы Азия чемпионатында табысты өнер көрсетті. Дина Исламбекова мен Сабыржан Аққалықов алтын медаль жеңіп алды.

Ал балуан Ибрагим Магомадов қола жүлдеге ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегер облыс әкімдігінде құрметке бөленді. Жоғары жетістіктері үшін спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйақылар табысталды.

— Сіздердің халықаралық аренада Қарағанды облысының намысын абыроймен қорғап, өңіріміздегі жекпе-жек спорт мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдегендеріңізді мақтан тұтамыз. Әсіресе жаттықтырушылар штабының еңбегін ерекше атап өткім келеді: дәл сіздердің күнделікті табанды жұмыстарыңыз, мамандыққа деген адалдықтарыңыз және тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жаңа жеңістерге берік негіз қалыптастырып, ұлттық құрамаға лайықты резерв даярлауға мүмкіндік береді. Біз спорттық биіктерді бағындыру үшін лайықты жағдай жасауға бар күш-жігерімізді саламыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Спортшылар мен жаттықтырушылар өз әсерлерімен бөлісіп, алдағы жоспарларын айтты.

Алда — басты бәсекелер: әлем чемпионаттары мен жазғы Азия ойындары. Оларға дайындық қазірдің өзінде басталып кетті.

Дина Исламбекова 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Оның үндістандық спортшымен өткен финалдық жекпе-жегі турнирдегі ең әсерлі кездесулердің бірі болды. Қарағандылық спортшы айқастың басында-ақ қарсыласын нокдаунға түсірді. Үшінші раундта жағдай қайталанып, тағы бір дәл соққы — екінші нокдаун тіркелді. Қорытындысында — алтын медаль.
— Турнир жоғары деңгейде өтті. Әр жекпе-жек өзіне тән қиындықтармен өрбіді. Соған қарамастан, мен 5:0 есебімен жеңіске жеттім. Алға қарай ұмтыла беремін. Келесі жылы әлем чемпионаты өтеді. Алда оқу-жаттығу жиындары күтіп тұр, — деді Дина Исламбекова.

Спортшының айтуынша, ол дәл осы спорт түрін таңдағанына дән риза — оны бокс секциясына әкесі алып келген.

Сабыржан Аққалықов та жаңа жеңістерге ниетті.
— Дайындық өте қарқынды өтті. Мақсат — жеңіске жету болды, соған қол жеткіздік. Қазір Азия ойындарына дайындықты бастап кеттік. Міндет — қайтадан алтын алу. Салмақ дәрежесін нақтылап, жаттығуды жалғастыру қажет. Ең бастысы — өзіңе сену, — деді ол.