Шетпе – Бейнеу бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда Маңғыстау облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері шетелдік туристерге көмек көрсетті. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі POLISIA.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтаудан өз елдеріне мотоциклмен қайтып бара жатқан үш Испания азаматының бір мотоциклі жолда бұзылып қалған. Екі турист патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Қанат Исмагулов пен Құрманғазы Битибаевқа жүгініп, көмек сұраған.
Полиция қызметкерлері жол бойынан жүк көлігін тоқтатып, жүргізушіден ақауы бар мотоциклді Бейнеуге дейін жеткізіп беруін сұраған. Жүргізуші көмектесуге келісіп, мотоцикл жүк көлігіне тиелді.
Полицейлер туристермен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, қажетті көмек көрсетті. Шетелдік азаматтар көрсетілген қолдауға ризашылығын білдіріп, полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтты.
Маңғыстау — туристер көп баратын өңір. Осыған байланысты полиция қызметкерлерінің шет тілдерін меңгеруі шетелдік қонақтармен тиімді қарым-қатынас орнатып, қажет жағдайда жедел әрі сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Испания азаматтары қиын жағдайда көмек көрсеткен Қазақстан полицейлеріне алғыс айтты
Сурет: Life09