BANNER

Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан қоржынына үш бірдей алтын жүлде түсті

Фото: ИИ Canva

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 7 қараша күні VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының жалауы көтерілді. Аталмыш жарыстың екінші күнінде ел қоржынына үш бірдей алтын жүлде түсті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ең алғашқы алтынды дзюдодан 78 келіде бақ сынаған Аруна Жангелдина салды.

Ол ақтық сында Камерун елінің спортшысы Георгеку Мунеменді тізе бүктірді.

Ал, София Сподаренко 50 метрде баттерфляй әдісімен жүзуден ең үздік көрсеткішті тіркеді. Нәтижесінде София алтыннан алқа тақты.

Ерлер арасында дәл осы қашықтықта Әділбек Мусин топ жарып, чемпион атанды. Бұл сайыста тағы бір қазақстандық Максим Сказобцов күміс жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, Айбат Мырзамұратов 100 метрлік брасс әдісімен жүзуде үздік үштікті түйіндеп, қола медаль еншіледі.

Айта кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдошылар да сәтті өнер көрсетті: ерлер арасында 60 келіде Шерзод Давлатов, 66 келіде Ержан Еренқайыпов күміс жүлдеге қол жеткізсе, 63 келідегі Самалай Ерғалиева мен 90 келідегі Айдар Арапов қола медальды қанағат тұтты.