Ерлан Қошанов Халық кеңесінің төрағасы болып сайланды

Сурет: Aqorda

Бұған дейін Президент оның кандидатурасын ұсынған еді.

Ерлан Қошанов туралы не білеміз?

Ерлан Жақанұлы Қошанов 1962 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.

Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинатының байыту фабрикасында слесарь болып бастаған. Әр жылдары Парламент Сенатының депутаты, Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Қарағанды облысының әкімі және Президент Әкімшілігінің басшысы қызметтерін атқарды. 

2017-2019 жылдары Қарағанды облысын басқарды. Ал 2019-2022 жылдары Президент Әкімшілігінің басшысы болды.

2022 жылғы ақпанда Мәжіліс төрағасы болып сайланды. Сол жылы сәуірде «AMANAT» партиясының төрағасы атанды. 2026 жылы жаңа Конституцияға байланысты Парламенттің құрылымы өзгеріп, Мәжіліс таратылғанға дейін осы қызметтерді атқарды. 

Енді Ерлан Қошановтың аты Қазақстан Халық Кеңесімен байланысты. 23 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның Халық Кеңесі төрағалығына кандидатурасын ұсынды. Қазіргі таңда Кеңестің алғашқы сессиясында кандидатура бойынша дауыс беру өтіп жатыр. 

Айта кетейік, Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның өкілеттіктерінің қатарында Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтеру құқығы бар.