2025–2026 оқу жылы Saginov Technical University үшін білім, ғылым, өндіріс және жас мамандарды даярлау бағытындағы нақты нәтижелермен ерекшеленді. Биыл Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша 2278 түлекті кәсіби өмірге шығарып салды.
Олардың ішінде 1873 бакалавр, 182 магистрант және Университеттің Инновациялық технологиялар колледжін тәмамдаған 223 жас маман бар. Бакалавриат бағдарламаларын аяқтаған түлектердің 107-сі үздік диплом иегері атанды.
Бұл көрсеткіштер – студенттердің табанды еңбегінің, оқытушылар мен ғылыми жетекшілердің кәсіби қолдауының, сондай-ақ университеттегі сапалы инженерлік және техникалық білім беру жүйесінің нәтижесі. Биылғы түлектер ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік, энергетика, автоматтандыру, телекоммуникация, тау-кен ісі, металлургия, машина жасау, көлік және логистика, сәулет және құрылыс, экономика, химиялық технологиялар, экология және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша білім алды.
Saginov Technical University – теориялық білімді өндірістік тәжірибемен, ғылыми ізденіспен және инженерлік ойлаумен ұштастыратын іргелі техникалық жоғары оқу орны. Университеттің білім беру бағдарламалары өңір мен ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Студенттер оқу барысында зертханаларда, ғылыми орталықтарда, кәсіпорындармен бірлескен жобаларда тәжірибе жинақтап, кәсіби ортаға ерте бейімделуге мүмкіндік алады.
Биыл диплом алған жас мамандардың қатарында ғылыми жобаларымен, стартаптарымен, пәндік олимпиадалардағы, хакатондардағы және кәсіби чемпионаттардағы жетістіктерімен ерекшеленген студенттер де бар. Олар – Қазақстанның өнеркәсіптік, технологиялық және цифрлық дамуына үлес қосатын жаңа буын инженерлері, зерттеушілері және басқарушы мамандары.
Университетте студенттердің жан-жақты дамуына да ерекше көңіл бөлінеді. 2025 жылғы көрсеткіштер бойынша білім алушылардың 68%-ы клубтық, үйірмелік және қоғамдық пайдалы қызметпен қамтылған. Сондай-ақ 304 студент облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми, шығармашылық, спорттық және зияткерлік бағыттарда үздік нәтижелер көрсеткен. Бұл университет қабырғасында тек кәсіби білім ғана емес, көшбасшылық, жауапкершілік және әлеуметтік белсенділік дағдылары да қалыптасатынын көрсетеді.
Saginov Technical University-дің маңызды басымдықтарының бірі – студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету. 2025 жылы әлеуметтік қорғалумен 885 білім алушы қамтылды. Бұл бағытта жатақханада тегін тұру, тамақпен, қажетті киім-кешекпен қамтамасыз ету, жеке психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ Әбілқас Сағынов және Әлімхан Ермеков атындағы стипендиялар арқылы оқу, ғылым және қоғамдық өмірде белсенді студенттерді қолдау жұмыстары жүргізіледі.
Университеттегі білім беру тек аудиториялық сабақтармен шектелмейді. Студенттер қосдипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары арқылы кеңейтілген академиялық мүмкіндікке ие. Соның бір мысалы – Қарағанды медицина университетімен бірлесіп жүзеге асырылатын «IT-медицина» білім беру бағдарламасы. Бұл бағдарлама денсаулық сақтау саласына арналған ақпараттық технологияларды әзірлеу, енгізу және сүйемелдеу бойынша мамандар даярлауға бағытталған. Бағдарламаның ерекшелігі – екі университеттің академиялық әлеуетін біріктіріп, түлекке IT мен медицина тоғысындағы заманауи құзыреттерді игеруге жол ашуы.
Қосдипломды білім беру бағыттарының нақты нәтижесі ретінде биыл Saginov Technical University мен Қытай Халық Республикасындағы Шихэцзы университетінің бірлескен бағдарламасы бойынша алғашқы магистрант екі университеттің дипломын иеленді. Бұл – университеттің халықаралық академиялық байланыстарының нақты нәтижесі әрі студенттерге әлемдік білім кеңістігіне шығуға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Saginov Technical University шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламаларды, студенттік алмасуды, ғылыми жобалар мен тағылымдамаларды жүйелі түрде дамытып келеді. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы студенттер Қазақстанның және шетелдің жетекші университеттерінде бір семестр немесе оқу жылы көлемінде білім алып, игерген пәндері мен академиялық кредиттерін өз университетінде қайта есептете алады. Соңғы қабылдауларда Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей және Қырғызстандағы серіктес жоғары оқу орындарына академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері ұсынылды.
Университеттің басты артықшылықтарының бірі – өндіріс пен білімнің өзара ықпалдастығына негізделген практикалық даярлық. Студенттер оқу және өндірістік практикалардан өтіп, нақты кәсіпорындардың технологиялық процестерімен танысады, салалық мамандармен жұмыс істейді, болашақ кәсібіне қажетті тәжірибе қалыптастырады. Практикалық сабақтар мен тағылымдамалар «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы, KEGOC, «Қазпромавтоматика», «Қарағанды Энергоорталық», «Азия ФерроАллойс», «WOOPPAY», «X Net» және басқа да өндірістік әрі технологиялық компаниялардың базасында ұйымдастырылады.
Университеттің өз ішінде де студенттердің кәсіби дамуына арналған мықты инфрақұрылым қалыптасқан. Білім алушылар «КарТех» инновациялық-индустриялық хабының, IT-құзыреттер орталығының, Халықаралық материалтану орталығының, «Нанотехнологиялар және металлургия» ғылыми-білім беру кешенінің, инженерлік бейіндегі зертханалардың және басқа да ғылыми-инновациялық алаңдардың мүмкіндіктерін пайдалана алады. Бұл орталықтар студенттерге ғылыми зерттеулерге, стартаптарға, инженерлік жобаларға, олимпиадалар мен халықаралық байқауларға қатысуға жағдай жасайды.
Бүгінде Saginov Technical University-де 2026–2027 оқу жылына қабылдау науқаны жалғасуда. Бакалавриат бағдарламаларына құжат қабылдау 2026 жылғы 20 маусымнан 25 тамызға дейін жүргізіледі. Ал мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау 13 шілдеде басталады. Талапкерлер өздерінің ҰБТ пәндеріне, таңдаған білім беру бағдарламалары тобына және конкурс талаптарына сәйкес грантқа өтініш бере алады.
2026 жылға арналған мәліметтерге сәйкес, Saginov Technical University-де жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары топтары бойынша республика көлемінде 19 074 мемлекеттік грант қарастырылған. Оның ішінде математика–физика бағыты бойынша – 9399 грант, математика–информатика бағыты бойынша – 6562 грант, математика–география бағыты бойынша – 1356 грант, химия–биология бағыты бойынша – 825 грант, химия–физика бағыты бойынша – 430 грант, шығармашылық емтихан талап етілетін сәулет бағыты бойынша – 502 грант бөлінген.
Техникалық және цифрлық мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екенін нақты грант сандары да көрсетіп отыр. Биыл республика бойынша ақпараттық технологиялар бағытына 4602 грант, ақпараттық қауіпсіздікке 1960 грант, механика және металл өңдеуге 1174 грант, электротехника және электр энергетикасына 1078 грант, автоматтандыру және басқаруға 1070 грант, құрылыс және азаматтық инженерияға 1018 грант бөлінді.
Saginov Technical University талапкерлерге инженерлік, цифрлық, өндірістік және басқарушылық бағыттар бойынша кең таңдау ұсынады. Университетте заманауи білім беру бағдарламалары, әскери кафедра, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктері, студенттік жатақханалар, ғылыми жобаларға қатысу және халықаралық әріптестік бағыттары дамыған.
Қабылдау науқанының нәтижелері де университетке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. 2025–2026 оқу жылында Saginov Technical University-ге қабылданған білім алушылар саны 3359 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Оның ішінде бакалавриатқа – 2806, магистратураға – 232, PhD докторантураға – 46, колледжге – 275 білім алушы қабылданды.
Бүгінгі талапкер үшін мамандық таңдау – тек диплом алу емес, өз болашағының бағытын айқындау. Ал Saginov Technical University – сапалы білім алып, кәсіби ортаға сенімді қадам басуға, халықаралық тәжірибе жинақтауға, өндірістік базаларда шыңдалуға және болашақ жұмыс берушілермен ерте байланыс орнатуға мүмкіндік беретін университет.
Бүгін университетке түскен талапкер ертең өңір мен ел экономикасына қажет инженер, IT-маман, энергетик, сәулетші, құрылысшы, геолог, металлург, логист немесе зерттеуші ретінде қалыптасады. Сондықтан Saginov Technical University үшін әр түлек – университеттің ғана емес, Қазақстанның индустриялық, технологиялық және инновациялық болашағына қосылған маңызды үлес.