ALGA! мектептерді қалай өзгертуде: Қарағанды облысында лицейдің спорт залы жаңартылды

gov.kz

Қарағанды қаласында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейде спорт залы жаңартылды. Жаңғырту жұмыстары жоғары нәтижелер мен ALGA! жобасына белсенді қатысқаны үшін берілген ынталандыру аясында жүзеге асырылды.

Залда косметикалық жөндеу жүргізілді: қабырғалар тегістеліп, боялды, фурнитура ауыстырылып, интерьер жаңартылды. Әсіресе безендіруге ерекше мән берілді — кәсіби суретшілер қабырғаларды ALGA! жобасының кейіпкерлерінің бейнелерімен көркемдеді.

Нәтижесінде кеңістік заманауи, функционалды әрі сабақ пен демалысқа қолайлы ортаға айналды.

— Енді бұл зал тек дене шынықтыру сабағына арналған орын ғана емес, балалардың ең сүйікті алаңдарының біріне айналды. Мұнда олар шахмат пен дойбы ойнап, бос уақыттарын өткізеді. Жоба басталғалы спортқа деген қызығушылық айтарлықтай артты, балалардың ойындар мен жаттығуларға белсенді қатысуы соның айқын дәлелі, — деді мектеп директоры Жаңагүл Түсжанова.

ALGA! жобасы Қарағанды облысында QOFA және Freedom Holding Corp. қолдауымен жүзеге асырылуда. Ол балалар спортын дамытуға және оқушылар арасында дене белсенділігі мен салауатты өмір салтына деген қызығушылықты қалыптастыруға бағытталған.