Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамытуға «Даму» қоры қолдау көрсетуде

Сурет: Автордан

Қарағанды облысында кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Жаңа бизнес нысандары іске қосылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті артып, тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі кеңеюде. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауы ерекше. Олар кәсіп иелеріне арнайы қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттік кепілдеме алуға көмектеседі. Даму» қоры Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 26 сәуірдегі № 665 «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулысы негізінде құрылған. Қор Қазақстандағы шағын және орта бизнесті қолдау бағытында мол тәжірибе жинақтаған. 2010 жылға дейін қор бағдарламаларының қатысушыларының басым бөлігі екінші деңгейлі банктерде қаражатты шартты орналастыру бағдарламалары аясында қаржылық қолдау алған.

Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалының директоры Евгений Изотовтың айтуынша қолдауды кез-келген кәсіп иелеріне көрсетеді.

0

–  Даму қоры үш бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Кепілдік бойынша, субсидиялық және жеңілдетілген несие. Өткен жылдан бастап Даму қоры 7 миллиард теңгеге дейін кепілдлік бере алады. Мұндай кепілдіктің мөлшері 85 пайызға дейін жетеді. Бізде арнайы кәсіптік бағыттар жоқ, кез-келген кәсіп иелеріне көмек көрсете аламыз. Сондай-ақ, бизнесті жаңадан бастағандарға да және үлкен кәсіпкерлерге де көмектесе аламыз,- дейді Евгений Изотов.

Ұсынылған жобалардың бірі UNO Montessori Kids Center балалар орталығы. Биыл Қарағанды қаласында ашылған орталықта бір жарым жастан алты жасқа дейінгі балаларға халықаралық Монтессори әдістемесі бойынша сабақ өткізіледі. Мұнда 7 маман жұмыс істейді, орталық жалпы 22 балаға дейін қабылдай алады. Әдістеменің басты ерекшелігі – баланың жеке қабілетін дамытуға, шығармашылық бағыттарын қалыптастыруға және қоршаған ортаға бейімделуіне ықпал ету. Жобаны дамыту үшін кәсіпкер «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында 7 пайыздық мөлшерлемемен 5 миллион теңге қаржы алған. Қосымша қолдауды «Даму» қоры көрсеткен.

0

– Бұл жоба жайлы біз осы жылдың тамыз айында білдік. Білген сәтте бірден өтініш бердік. Өтініш бойынша мені ашық есік күніне шақырды. Бізге сол жақта Кәсіпкер жобасы жайлы айтып түсіндірді. Өтініш бердік, одан кейін Даму қорынан қолдау алдық. Бұл бизнесті дамытуға таптырмас мүмкіндік болғанын жасырмаймын. Әрі қарай өсуден де шаршамайтынымызды жеткізгім келеді,- дейді  UNO Montessori Kids Center балалар орталығын негізін қалаушы АнараТуякбаева.

Мемлекеттік қолдау ірі кәсіпорындардың да дамуына мүмкіндік береді. Биыл «ЦСС-КАБЕЛЬ» зауыты күштік және бақылау кабельдерін өз өндірісінде шығара бастады. «Даму» қоры кәсіпорынға жабдық сатып алып, өндірісін кеңейтуге көмектесті. Ал Kaz-metiz компаниясы жаңа цех салу, жабдық алу және өндірісті дамыту үшін 5 миллиард теңге қаржыландыру алды. Компания болат арқан, арматуралық және мырышталған сым өндіруге маманданған.

Бұл жобалардың барлығы шағын бизнестен бастап ірі өнеркәсіптік өндірістерге дейінгі түрлі салаларда бизнестің дамуына ықпал ететінін көрсетеді. «Даму» қорының қолдауы арқасында кәсіпкерлер жаңа идеяларын жүзеге асыруға, кәсіпорындарын жаңғыртуға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алып, Қарағанды облысының экономикалық дамуына үлес қосуда.

 

Ақсая ЖАЛҒАС

тілші