Президент бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. Жиында кешенді саяси, экономикалық реформаларды іске асырудағы, сондай-ақ мемлекетті басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі талқыланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өткенін, сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айтуға болатынын жеткізді.
«Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша. Өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді. Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес, мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануы елдің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Жаңа Ата заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Отанымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастарға қарата арнайы үндеу жасады.
«Дәл қазір біздің алдымызда кемел санамен, зор жауапкершілікпен тағдырлы таңдау жасау міндеті тұр. Осы орайда барша азаматқа, әсіресе, жас отандастарымызға қарата арнайы үндеу жасағым келеді. Жаңа Конституция жобасы, ең алдымен, Сіздерге арналған. Сіздерге референдумда дауыс беріп, осы ұлы іске, яғни, Отанымыздың тағдырына қатысыңыз бар екеніңізді білдіретін орайлы мүмкіндік берілді. Басқаша айтқанда, Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар. Біраз уақыт өткен соң, өмір көріп, есейген шағыңызда: «Мен азаматтық парызымды орындадым. Елімнің жаңа Ата заңын қабылдауға өз үлесімді қостым» деп мақтанышпен айтуға толық құқыңыз бар.
Қымбатты отандастар, Сіздердің таңдауларыңыз – бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – нағыз Халық Конституциясы жобасына көрсеткен нақты қолдауыңыз. Жастар Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет және зайырлылық құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы Сіздерге жүктеледі. Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдықтың, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалаудың қандай болатынын көрсетеді», – деді ол.
Президент еліміз әрбір адамға зор мүмкіндік ұсынып отырғанын атап өтті.
«Біз әр адамға зор мүмкіндік беретін елде өмір сүріп жатырмыз. Жақында өтетін референдум – сондай керемет мүмкіндіктің бірегейі. 15 наурызда әр азаматымыз Қазақ елінің жасампаздық жылнамасына өз қолтаңбасын қалдыра алады. Бұл – нағыз тарихи сәт. Мұндай сәт үнемі бола бермейді. Осы орайда, Мен Қазақстан жастарына тағы да арнайы үндеу жасағым келеді. Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бей-жай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын Өз қолыңмен құру деген сөз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Президент азаматтарды жалпыұлттық мақсаттар төңірегіне топтасуға және ел мүддесі үшін адал қызмет етуге шақырды.
Мемлекет басшысының басқосуда сөйлеген сөзінің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.
Жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Сыдық Дәулетов, Мәжіліс депутаты Константин Авершин, Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Елена Семидоцких, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты Гүлнәр Тойлыбаева, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Бораш, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Қайырғалиев сөз сөйледі.
Дереккөз: referendum2026.kz.

