Қарағанды облысында туризмге салынатын инвестиция көлемі артып келеді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында туризм саласына салынған инвестиция көлемі шамамен бес есеге өсті. Жыл басынан бері саланы дамытуға жеке инвестиция есебінен 5,3 млрд теңге бағытталған.

– Соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш осы. Жеке инвестициялар көлемінің өсуі өңірдегі туристік саланың бизнес үшін тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар инвесторлармен жұмыс жалғасуда. Жыл соңына дейін орналастыру және демалыс орындарын дамыту бағытында тағы бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деді аппараттық кеңесте Туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Жыл басынан бері облыста туризм саласына қатысты 14 жоба жүзеге асырылды. Жаңа нысандар Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында ғана емес, Бұқар жырау және Ақтоғай аудандарында, сондай-ақ Теміртауда да бой көтерді. Олардың қатарында демалыс орындары, қонақүйлер мен қонақ үйлері, этноауылдар және жол бойындағы қызмет көрсету кешендері бар.

Жыл соңына дейін тағы 9 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Олар Балқаш, Приозерск қалаларында, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарында жүзеге асырылады.

Инвестиция тартудың негізгі тетіктерінің біріне аумағы 14 гектарды құрайтын Balkhash индустриялық аймағы айналып келеді. Мұнда қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылып, әлеуетті инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Алғашқы нысан – заманауи Premium Villa Balkhash туристік кешені. Ол қазірдің өзінде қонақтарды қабылдай бастады.