Бұқар жырау ауданында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары мәресіне жақындады. Қазір тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қыс бойы тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымның әзірлігі пысықталуда.

Ауданда бір орталық және жеті блокты-модульдік қазандық, сондай-ақ автономды жылыту жүйелері жұмыс істейді. Ботақара, Ғ. Мұстафин атындағы, Қушоқы кенттеріндегі, Доскей және Үштөбе ауылдарындағы 94 көппәтерлі тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бүгінде барлық үй комиссиялық тексеруден өтті, дайындық актілерін рәсімдеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Ботақарада екі қазандықтың жабдықтары жаңартылып, модульдік қазандыққа резервтік электр қуаты берілетін жүйе қамтамасыз етілді. Сонымен қатар қорғаныс және полиция бөлімдерінің ғимараттарына дейін жылу желілері тартылды. Доскей ауылында жаңа қазандық орнатылды. Ал Ғ. Мұстафин атындағы кентте жылу желісінің бір бөлігі жаңартылып, резервтік қазандық орнатылды. Тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ететін барлық қазандық резервтік генераторлармен жабдықталды.

Қушоқыдағы орталық қазандықта негізгі жабдықтарға жөндеу жүргізіліп, күл шығару және көмір беру жүйелері, сорғылар, шатыр мен электрмен жабдықтау желілері ретке келтірілді.
Сонымен қатар кентте қуаты 20 МВт болатын жаңа блокты-модульдік қазандық салынуда. Негізгі жабдықтары орнатылған нысанда қазір электр желілері мен автоматтандыру жүйелерін монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жылу маусымына дайындық отын қорын жасақтауды да қамтиды. Орталық қазандықтарға көмір жеткізу жөніндегі келісімшарт жасалып, отынды тасымалдау жалғасуда. Мәдениет нысандары үшін қажетті отын толық көлемде жеткізілді. Мектептер мен денсаулық сақтау ұйымдарына да көмір жеткізу жұмыстары аяқталуға жақын.
Әлеуметтік нысандардың жылыту жүйелері де қысқы маусымға әзірленуде. Қызылжар ауылындағы Киров атындағы мектепте екі қазандық ауыстырылды. Ростовка және Центральное ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жаңа блокты-модульдік қазандықтар орнатылып жатыр. Барлық қазандықта жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, жабдықтарға ревизия жасалып, жылыту жүйелері жуылып, қысыммен тексерілді, қазандықтар мен түтін мұржалары тазартылды.

Ауданда электрмен жабдықтаудың тұрақтылығына да басымдық беріліп отыр. Қазір электр беру желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қушоқыда «Тұзды» қосалқы станциясынан Майөзек ауылына дейін тартылатын электр беру желісінің құрылысы да аяқталуға жақын.
Жалпы, жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бұл ретте резервтік жабдықтардың дайындығына, қажетті отын қорының жасақталуына және электрмен жабдықтаудың тұрақты болуына айрықша мән беріліп отыр.