2026 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Бұл жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – бұрын сақтандыру жүйесінен тыс қалып келген азаматтардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Жаңа өзгерістер туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Копобаев айтып берді.
— 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай негізгі өзгерістер енгізілді?
— Биылғы жылдан бастап МӘМС жүйесінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталған маңызды өзгерістер енгізілді. Ең басты жаңалықтардың бірі – әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша D және E санаттарына жататын азаматтардың сақтандыру жүйесіне қосылуы. Бұл санатқа табысы төмен, бұрын жеңілдік санатына кірмеген және өз бетінше сақтандыру жарналарын төлеуге мүмкіндігі болмаған азаматтар жатады.
Бұрын мұндай азаматтар жүйеден тыс қалып, жоспарлы медициналық қызметтерді толық көлемде пайдалана алмайтын. Енді олардың медициналық сақтандыру жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді. Бұл шешім халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам деп айтуға болады.
— Бұл азаматтардың сақтандыру мәртебесі қалай анықталады? Олар арнайы өтініш беруі керек пе?
— Азаматтардың сақтандыру мәртебесін алу үшін арнайы өтініш берудің немесе мемлекеттік органдарға жүгінудің қажеті жоқ. Барлық процесс автоматты түрде жүзеге асырылады.
Ай сайын Еңбек ресурстарын дамыту орталығы әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне байланысты D және E санаттарына жататын азаматтардың тізімін қалыптастырады. Бұл мәліметтер Қордың ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Біз өз тарапымыздан олардың МӘМС бойынша төлемдерінің бар-жоғын тексеріп, сәйкес келетін азаматтарға «сақтандырылған» мәртебесін береміз.
Тағы бір маңызды жайт – мемлекет жарналарды алдын ала немесе формалды түрде төлемейді. Егер азамат медициналық қызмет алған жағдайда, сол қызмет көрсетілгеннен кейін арнайы реестр қалыптастырылып, оның негізінде жергілікті атқарушы органдар арқылы төлем жүргізіледі.
— Жаңа өзгерістер медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қалай әсер етеді?
— Сақтандырылған мәртебесін алған азаматтар МӘМС пакетіне кіретін барлық медициналық қызметтерді пайдалана алады. Бұл – бейінді мамандардың кеңесі, зертханалық талдаулар, диагностикалық тексерулер, созылмалы ауруларды жоспарлы емдеу, сондай-ақ стационарлық көмек.
Сонымен қатар 2026 жылдан бастап кейбір медициналық қызметтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Атап айтқанда, онкологиялық ауруларды, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларын, қант диабетін және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулер барлық азаматтарға қолжетімді.
Бұл өзгерістердің басты мақсаты – ауруларды ерте кезеңде анықтау және алдын алу шараларын күшейту.
— Жаңа өзгерістер емханалардағы кезектердің көбеюіне әкелуі мүмкін бе?
— Бұл сұрақ бүгінгі таңда көптеген азаматтарды алаңдатып отырғаны рас. Шынында да, қысқа мерзімде медициналық ұйымдарға жүгінетін адамдар саны артуы мүмкін. Себебі бұрын сақтандырылмаған азаматтар жоспарлы медициналық тексерулерден өтуге, талдаулар тапсыруға және өз денсаулығын тексеруге мүмкіндік алады.
Мұны біз «кейінге қалдырылған сұраныс» деп атаймыз. Яғни адамдар бұрын ала алмаған медициналық қызметтерді енді алуға тырысады.
Дегенмен бұл – уақытша құбылыс. Уақыт өте келе жағдай тұрақталады. Сонымен қатар профилактика мен ерте диагностика ауыр және асқынған жағдайлардың азаюына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
— Мемлекет қандай медициналық көмекті барлық азаматтарға кепілдік береді?
— Мемлекет үшін ең басты қағида – адамның өмірі мен денсаулығы қауіп төнген жағдайда медициналық көмек міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Сондықтан шұғыл медициналық көмек, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, профилактикалық тексерулер мен скринингтер барлық азаматтарға сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.
Ал жоспарлы медициналық көмек, күрделі диагностикалық зерттеулер және жоғары технологиялық емдеу әдістері МӘМС пакетіне кіреді.
Жалпы алғанда, енгізіліп отырған өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.

