Қарағанды облысында биыл көкжөтелдің 20 зертханалық жолмен расталған жағдайы тіркелді. Ауру негізінен Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында және Абай, Қарқаралы аудандарында анықталған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық төмендегенімен, көкжөтелдің алдын алу мәселесі әлі де өзекті.
Тіркелген жағдайлардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Олардың 80 пайызы көкжөтелге қарсы екпе алмаған. Оның ішінде 4 жағдай (25%) медициналық шектеулерге байланысты, 10 жағдай (65%) вакцинациядан бас тартуға байланысты болса, 2 бала (10%) екпе жасына жетпеген.
Ауру алғашында қарапайым суық тию немесе ЖРВИ-ге ұқсап басталуы мүмкін. Мұрыннан су ағу, мұрынның бітелуі, түшкіру, тамақтың жыбырлауы және жеңіл жөтел байқалады. Дене қызуы көп жағдайда жоғары көтерілмейді.
Бірнеше күннен немесе аптадан кейін жөтел күшейіп, ұстама түріне ауысады. Бір дем алған кезде бірнеше рет қатарынан қатты жөтелу, жөтелден кейін ысқырықты тыныс алу, құсу, кейде тыныстың уақытша тоқтауы мүмкін.
Әсіресе нәрестелерге мұқият болған жөн. Кішкентай балаларда көкжөтел қатты жөтелден гөрі тыныстың қиындауы, көгеру немесе апноэмен көрінуі мүмкін. Ауру асқынған жағдайда пневмония, сусыздану, оттегі жетіспеушілігі, құрысулар және басқа да ауыр жағдайлар туындауы ықтимал.
Ұзаққа созылған немесе ұстамалы жөтел байқалса, өздігінен емделмей, дәрігерге қаралған дұрыс. Диагнозды нақтылау үшін мұрын-жұтқыншақтан алынған материалға ПТР зерттеуі жүргізілуі мүмкін. Антибиотиктерді тек дәрігер тағайындайды.
Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгерім Қанатқызы Жылқыбаева көкжөтелден сақтануда вакцинацияның маңыздылығын атап өтіп, аурудың алдын алуға қатысты қарапайым сақтық шараларын сақтау қажеттігін айтты.
«Көкжөтелден сақтанудың ең тиімді жолы — оның алдын алу. Екпені уақытында алу қажет, ұзаққа созылған жөтелді елемеуге болмайды. Ауру белгілері байқалса, дәрігерге жүгіну және инфекцияның айналадағы адамдарға таралуына жол бермеу қажет», — деді Айгерім Жылқыбаева.
Көкжөтелге қарсы вакцинация Қазақстанда Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне енгізілген және балаларға тегін жүргізіледі. Негізгі екпелер 2, 3 және 4 айда, ревакцинация 18 айда, ал 6 жаста қосымша бустерлік доза жасалады. Көкжөтелге қарсы вакцина көбіне бірнеше инфекцияға қарсы қорғанысты қамтитын кешенді екпе түрінде жүргізіледі. Оның құрамында дифтерия, сіреспе, полиомиелит, В гепатиті және b типті гемофильді инфекцияға қарсы компоненттер бар.
Екпеден қалып қойған бала үшін вакцинацияны қайтадан басынан бастау қажет емес. Емхана маманы бұрын алған дозаларын және баланың жасын ескеріп, толықтыра иммундау кестесін белгілейді.
Көкжөтелдің алдын алуда вакцинациямен қатар бөлмені желдету, жөтел әдебін сақтау, қолды жиі жуу және ауру адамды ұжымнан уақытша оқшаулау да маңызды.