Қазақстанда енді параны уәде еткендер мен ұсынғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Фото: Life09

Сенат сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаңдататын бірқатар маңызды өзгерістерді қабылдады. Енді тек пара алу немесе беру ғана емес, параға уәде беру мен оны ұсынудың өзі де қылмыстық жауапкершілікке жатады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Енді мүдделер қақтығысын болдырмаудың толыққанды тетігі енгізіледі. Яғни, мемлекеттік қызметкерлерге және оларға теңестірілген тұлғаларға өз лауазымдық өкілеттіктерін жеке бас мүддесі үшін пайдалануға тыйым салынады.

Сонымен қатар жеке мүдделерді декларациялау міндеті енгізіліп, мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда нақты әрекет ету тәртібі бекітіледі.

Туыстар мен байланысы бар адамдардың бірге қызмет етуіне қатысты шектеулер күшейтіледі. Енді тек тікелей бағыныштылық қана емес, жанама ықпал, ішкі бақылау, кадрлық ілеспе қызмет және басқа да әсер ету түрлері де есепке алынады. Осылайша бір ведомствода басшының жиені, қайын жұрты, құда-жекжаты, балдызы, күйеу баласы сияқты туыстарының жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылатын тұлғалардың тізімі кеңейеді. Оған квазимемлекеттік сектор қызметкерлері және бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қатысушылар да кіреді.

Мемлекеттік "Е-қызмет" цифрлық кадрлық жүйесінің жұмысы бекітіледі. Енді мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы кадрлық процестер бірыңғай цифрлық форматқа көшіріледі.

Енді тек пара алу мен беру ғана емес, параға уәде беру, ұсыну немесе талап ету де қылмыстық жауапкершілікке жатады.

Мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік секторда заңсыз сыйақы алғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Заңды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілігі де артады.

Жеке тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда, оларды жауапқа тартуға болатын мерзім 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды.

Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға қатысты шектеулер нақтыланады. Енді өмір бойғы мемлекеттік қызметке орналасу тыйымы мемлекеттік функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға қолданылады.