Қарқаралы ауданындағы оқушы IQanat грантын жеңіп алып, Бурабайдағы дарынды балалар мектебінде білім алады

Фото: Life09

Қарқаралы ауданы Нұркен ауылындағы №10 мектептің сегізінші сынып оқушысы Кәусар Тоқтаубай IQanat білім беру грантының иегері атанды. Енді ол ауылдық жерлердегі дарынды оқушыларға арналған еліміздің ең үздік білім ордаларының бірі – IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алады.

Кәусар Тоқтаубай көпсатылы іріктеуден сүрінбей өтіп, республикалық IQanat олимпиадасының жеңімпаздары қатарына енді. Зияткерлік дода финалы Алматы қаласында ұйымдастырылып, оған іріктеудің алдыңғы кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен мыңнан астам оқушы қатысты. Жалпы, биылғы олимпиадада Қазақстанның ауыл мектептерінен 60 мыңнан астам оқушы бақ сынады.

Кәусар биыл сегізінші сыныпты тәмамдады. Оның сүйікті пәндері – биология, математика, ағылшын тілі және қазақ әдебиеті. Сабақтан тыс уақытта ол қазақ ақындарының шығармаларын мәнерлеп оқып, түрлі көркемсөз оқу байқауларына белсенді қатысып келеді.

Олимпиадаға дайындықты Кәусар өткен жылдың желтоқсан айында бастаған. Бірнеше ай бойы ол математика, биология және ағылшын пәндері бойынша тыңғылықты дайындалып, білімін жүйелі түрде жетілдірген.

– Мен үшін ең үлкен қиындық ағылшын тілінің деңгейін көтеру болды. Осы жолда мектебіміздің ұстаздары көп қолдау көрсетті. Күнделікті дайындықтың, бейнесабақтардың және тұрақты тәжірибенің арқасында бұл сынақтан сүрінбей өттім, – дейді Кәусар.

Табанды еңбек пен қажырлы ізденістің нәтижесінде ол білім беру грантын жеңіп алып, оқуын IQanat High School of Burabay мектебінде жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.

– Білім беру грантын жеңіп алғанымды естігенде алғашында тіпті сене алмадым. Бұл – өмірімдегі ең әсерлі сәттердің бірі болды. Қуаныштан көзіме жас келді, еңбегімнің ақталғанына біраз уақытқа дейін сенбей жүрдім. Ендігі мақсатым – Бурабайдағы IQanat мектебін үздік аяқтап, Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарының біріне түсу. Мен үшін IQanat – сапалы білімге, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын жол. Бұл ауыл балаларының арманына қанат бітіріп, өз қабілетін толық ашуына мүмкіндік беретін ең құнды жобалардың бірі екеніне кәміл сенемін, – дейді оқушы.

Болашақта Кәусар өзі де IQanat жобасының қамқоршысы болып, ауылдағы дарынды балалардың қабілетін шыңдап, үлкен жетістіктерге жетуіне қолдау көрсетуді армандайды.

IQanat – Қазақстанның 250 кәсіпкері қолдау білдіріп отырған әлеуметтік-білім беру жобасы. Жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлердегі дарынды оқушыларға тұрғылықты жеріне немесе отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау.

Олимпиада жеңімпаздары IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға арналған грантқа немесе ҰБТ-ға тереңдетілген дайындықты, ағылшын тілі мен IT бағытындағы білімді және басқа да заманауи дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін үш жылдық олимпиададан кейінгі қолдау бағдарламасына ие болады.

Соңғы жеті жылда Қарағанды облысынан 45 оқушы IQanat High School of Burabay мектебінде білім алуға арналған гранттың иегері атанды. Қарағанды облысының ауылдық өңірлерінен шыққан бес оқушы IQanat білім гранттарын жеңіп алып, енді IQanat High School of Burabay мектебінде тегін білім алады.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі