Қарағанды облысының спортшысы Альбина Жақсылықова Грузияның Тбилиси қаласында өткен үстел теннисінен WTT Youth Contender Tbilisi 2026 халықаралық турнирінде қола жүлдегер атанды.
Альбина 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы (U19) жекелей сында бақ сынап, жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Альбина Жақсылықова — Қазақстан Республикасының спорт шебері. Спортшының жаттықтырушысы — Эльмира Әлиева.
Спорттық мансабында Альбина ұлттық деңгейдегі жарыстарда бірнеше рет жүлдегер атанып, жеңімпаз болды. Оның маңызды жетістіктерінің қатарында жекелей, аралас және командалық разрядтардағы Қазақстан чемпионы атақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарындағы командалық есептегі жеңісі бар.
Альбинаның халықаралық жарыстардағы тәжірибесі де мол. Ол Ташкент, Бангкок, Платжа-д'Аро, Алматы және басқа да қалаларда өткен WTT турнирлеріне қатысты.
Биыл қыркүйек айында Альбина Қазақстан құрамасының Азия ойындарына қатысатын сапына енді. Жарыстан кейін көп ұзамай спортшы халықаралық маусымын Тбилисиде жалғастырып, WTT Youth Contender Tbilisi 2026 турнирінде қола медаль иеленді.
Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі