Қарағанды облысында мемлекеттік қызмет жүйесі түбегейлі өзгереді

Фото: ЖИ Gemini

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік органдар жұмысының жаңа тәсілдері талқыланды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің облыстық басшысы Жандос Сәрсен негізгі өзгерістерді жіпке тізді.

Бұған Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа редакциясы негіз болған. Реформаның басты мақсаты — мемлекеттік аппаратты ашық әрі халыққа бағдарланған жүйеге айналдыру.

Басты жаңашылдықтар мен өзгерістер:

Сервистік модельге көшу: Енді мемлекеттік орган жұмысының басты өлшемі құжат айналымы емес, азаматтардың мәселесін нақты шешу болмақ. Тұрғындардың өтініштері формалды себептермен кері қайтарылмайды.

Толық цифрландыру: Мемлекеттік қызметке іріктеу «E-қызмет» жүйесі арқылы тек цифрлық форматта өтеді. Бұл адами факторды (таныс-тамырлықты) азайтып, ашықтықты қамтамасыз етеді.

Кадр тапшылығын жедел шешу: Егер бос жұмыс орны 3 айдан астам уақыт жабылмай қалса, жүйе автоматты түрде конкурс жариялайды.

Жас мамандарды тарту: Болашақ кадрларды даярлау жұмыстары мектеп қабырғасы мен жоғары оқу орындарынан бастап қолға алынбақ.

Мансаптық өсу: Мемлекеттік қызметшілер тек лауазымы жоғарылағанда ғана емес, кәсіби дағдылары мен жұмыс нәтижесі арқылы да жалақысын өсіріп, дами алады.