Қазақстандық файтер 21 қарашада Қатарда өтетін UFC Fight Night турнирінде америкалық Алик Лоренцпен кездеседі. Жекпе-жек туралы алғаш болып MMA Junkie журналисі Нолан Кинг мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Бірінші бол телеграм арнасына сілтеме жасап.
Нұрғожай (12-2) үшін бұл UFC-мен жасалған жаңа келісімшарт аясындағы алғашқы кездесу болмақ. Ол ұйымдағы алғашқы төрт жекпе-жегінде екі рет жеңіп, екі рет жеңілген. Кейінгі екі кездесуін жеңіспен аяқтап, 8 тамыздағы соңғы айқасында қарсыласын нокаутқа түсірді.
29 жастағы Лоренц (8-2) UFC-де дебют жасайды. Америкалық спортшы мансабындағы сегіз жеңісінің бәріне мерзімінен бұрын жеткен: жеті нокаут, бір сабмишн. Оның он жекпе-жегінің ешқайсысы төрешілер шешіміне дейін созылмаған.