Қарағанды облысынан 55-тен астам қолөнерші, дизайнер мен суретші Астанада өтетін CREATIVE AIMAQ шығармашылық жәрмеңкесінде өз туындыларын ұсынады. Іс-шара 17–18 қазанда QazaqCreative Hub алаңында өтеді.
Келушілер авторлық картиналарды, әшекей бұйымдарды, ұлттық киімдерді, дизайнерлік топтамаларды, кілемдерді, керамикалық бұйымдар мен қолдан жасалған түрлі туындыларды тамашалап, сатып ала алады. Сондай-ақ инклюзивті шығармашылыққа, ұлттық музыкалық аспаптарға, IT, жасанды интеллект және ұшқышсыз технологиялар саласындағы заманауи әзірлемелерге арналған арнайы алаңдар жұмыс істейді.
Жәрмеңке аясында суретші Кәріпбек Күйіковтің шығармашылық және өмір жолына арналған «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының тұсаукесері өтеді.
Бағдарламада сән көрсетілімдері, шеберлік сабақтары және Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі ұжымдарының концерттері де бар.
Келушілер шығармашылық жобалардың авторларымен жүздесіп, олардың туындылары туралы толығырақ біліп, ұнаған бұйымдарын тікелей шеберлердің өзінен сатып ала алады. Ал шеберлік сабақтарында сәндік-қолданбалы өнердің түрлі бағыттарымен танысып, өз қолдарымен бұйым жасап көруге мүмкіндік беріледі.