Серік Ақсұңқарұлы «Oljas Suleimenov» атындағы құрмет медалімен марапатталды

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазақтың аяулы ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының,  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, биыл мерейлі 75 жасқа толған Серік Ақсұңқарұлы «Oljas Suleimenov» атындағы құрмет медалімен марапатталды.

Серік Ақсұңқарұлы – ұлт әдебиетіне «XX ғасырдың жиырма сәті» атты поэма-понарамасымен жарқ етіп келген еді. Жырларымен халқының еңсесін тіктеп, кеудесіндегі рух алауын үрлеген ақиық ақын. Тұтас ғасырдың кескіндемесін жасаған дегдар дарын.

         Құрмет медалін «Еуразиялық мәдениет қоры» беріп отыр. «Oljas Suleimenov» атындағы құрмет медалін Алаштың аяулы перзенті, Түркі халықтарының арасына көпір болған «Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «Парасат» орденінің иегері Дүйсен Қасейінов те алды. Халқының ғажап ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетке де табысталды.

         Олжас Сүлейменов қазаққа ғана емес, тұтас түркі дүниесіне ортақ талантты ақын, қажырлы қайраткер, әйгілі лингвист ғалым. Ұлысына сәулелі сөз қалдырған бір туар шайыр атындағы құрмет медалі қазақ қаламгерлері үшін зор маңызға ие екені анық.