Президент Жолдауы: кәсіпкерлікті қолдау мен бизнесті дамытуға бағытталған жаңа міндеттер

Сурет. Aqorda

Президент өз Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік қысымды азайту, салық жүйесін жетілдіру және бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, отандық бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Атап айтқанда, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл бастама кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, мемлекеттік реттеу жүйесін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. Нәтижесінде бизнес өкілдері өз қызметін дамытуға және өндіріс көлемін арттыруға көбірек көңіл бөле алады.

Сонымен қатар салық жүйесін жетілдіру міндеті қойылды. Үкіметке Салық кодексіндегі қайшылықтарды жою, екіұшты түсіндіруге жол беретін нормаларды қайта қарау және кәсіпкерлерге түсетін артық салықтық жүктемені азайту тапсырылды. Бұл бизнес жүргізу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Жолдауда отандық өндірушілерді қолдау және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру мәселесі де қамтылды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің өнімін өткізуіне кедергі келтіретін жасанды тосқауылдарды жою, нарықтағы бәсекелестікке тең жағдай жасау көзделіп отыр. Мұндай шаралар отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнестің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейту, өнім берушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету және кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін әзірлеу жоспарланған. Бұл бастамалар кәсіпкерлік субъектілерінің дамуына серпін беріп, жаңа өндіріс орындарын ашуға жол ашады.

Жалпы, Жолдауда белгіленген міндеттердің негізгі мақсаты – кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру, инвестиция тарту және отандық бизнестің әлеуетін арттыру. Ал шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы ел экономикасының нығаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.