Тұмауға қарсы вакцинация – аурудың алдын алудың тиімді жолы

Сурет: ЖИ Gemini

Күзгі-қысқы кезеңде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың таралу қаупі артады. Осыған байланысты Қарағанды облысында тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Мамандар, әсіресе, аурудың асқыну қаупі жоғары топтарға жататын азаматтарға екпе алудың маңыздылығын еске салады.

Биыл облыс бойынша тұмауға қарсы вакцинация жүргізу үшін 121 мыңға жуық доза вакцина сатып алынған. Бұл өңір халқының жалпы санының 10,2 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда 97 мыңнан астам адам тұмауға қарсы екпе алған.

– Вакцинация – тұмаудың алдын алудың негізгі шараларының бірі. Ол ауруды жұқтыру қаупін азайтуға, сондай-ақ инфекцияның ауыр өтуі мен асқынуларының алдын алуға көмектеседі. Әсіресе, қауіп тобына жататын азаматтардың уақытылы екпе алуы маңызды, – дейді Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

Өңірде эпидемиологиялық маусым басталғалы бері шамамен 23 мың ЖРВИ жағдайы тіркелген. Науқастардың 56 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Сонымен қатар зертханалық жолмен 16 жастағы жасөспірімнен А(H1N1) тұмауының бір жағдайы расталды.

Медициналық ұйымдарда да инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес медицина қызметкерлері үшін міндетті маска тағу режимі енгізілді. Ал тұрғындар, пациенттер мен келушілер үшін маска тағу міндетті емес, ұсынымдық сипатта.

Мамандар тұмаудан қорғану үшін вакцинациямен қатар жеке гигиена ережелерін сақтауға, қолды жиі жууға, бөлмелерді желдетуге және ауру белгілері байқалған жағдайда адамдармен байланысты шектеуге кеңес береді.

Дене қызуы көтеріліп, жөтел, әлсіздік немесе басқа да ауру белгілері пайда болса, үйде қалып, қажет болған кезде медициналық көмекке жүгінген жөн.

Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау және профилактикалық шараларды сақтау – инфекцияның таралуын тежеудің маңызды жолы.