Ұлытау мен Сарыарқа арасында: «Елтану» экспедициясы тарих қойнауына жол тартты

Сурет ұйымдастырушылардан

Таңғы салқынмен Ақтоғайды бетке алған «Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы екі күн ішінде көне өркениеттің сырын ақтарып қайтты. Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған бұл сапардың басты мақсаты өңірдің рухани мұрасын дәріптеп, өзге этнос өкілдеріне туған өлкенің шежіресін тереңірек таныстыру болды.

ЭкспедицияЭкспедицияЭкспедиция

Алаш рухы жаңғырған Ақтоғай

Сапардың алғашқы күні Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған топырағынан басталды. Экспедиция мүшелері алдымен Талдыбейіт қорымына тағзым етті. Осы сәтте профессор Айгүл Ісмақова Бегім ана көктасындағы төте жазуды аударып, жұртшылыққа ғылыми жаңалықтың сырын ашып берді.

Бұдан кейін топ балалық шағы өткен Жекежал қыстағы мен биыл іргетасы қалпына келтірілген қасиетті қарашаңыраққа ат басын тіреді. Күн сәулесіне қарай түрлі сипатта құбылатын Желтау петроглифтері мен қола дәуірінің айшықты орталығы Беғазы кешені де саяхатшыларды тәнті етті.

ЭкспедицияЭкспедиция

«Сарыарқаның қасиетті жерлерін өз көзіммен көріп, қазақ даласының ұлылығын терең сезіндім. Бұл сапар мен үшін ерекше әсер сыйлап, қазақ тілі мен тарихына деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті», – дейді «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында қазақ тілін меңгеріп жүрген әлеуметтік сала қызметкері Анна Латош.

ЭкспедицияЭкспедиция

Шет ауданы және «Қаражартас» сыры

Екінші күні экспедиция бағыты Шет ауданына ойысты. Қонақтар аудандық музейді аралап, Кемерово губернаторы сыйға тартқан көне әрі әсем әшекейленген ұлттық ертоқымның тарихымен танысты.

Кеш бата Талды ауылы маңындағы жұмбақ «Қаражартас» қорымына жеткен қатысушылар көне заманның құпиясына үңілді. Белгілі тарихшы Темірғали Аршабеков бұл құрылыстың нақты пирамида екенін және бұдан мыңдаған жыл бұрын мұнда элитарлық ақсүйектер жерленгенін тарқатып айтып берді.

ЭкспедицияЭкспедиция

«Бұл сапар туған жердің тарихын тереңірек танып, Ұлы Сарыарқаның рухын сезінуге мүмкіндік берді. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген ұйымдастырушыларға алғысым шексіз», – деп ағынан жарылды қатысушы Рауана Ерболқызы.

Қарағандыдан бастау алған екі күндік бұл сапар қатысушыларға ұмытылмас әсер сыйлап, туған өлкенің шежіресін жаңа қырынан тануға жол ашты.