Дәрігер тұмаудың алдын алу жолдарын айтып, антибиотикті өз бетінше қабылдамауға шақырды

Сурет: ЖИ

Күзгі-қысқы маусымда тұмау мен өзге де респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) белең алатыны белгілі. Ауру белгілері байқалғанда тұрғындардың бір бөлігі өз бетінше емделсе, енді бірі бірден мамандарға жүгінеді. Сондықтан Life09 тілшісі дерттің алдын алу және екпе алудың маңызы төңірегінде №1 емхананың бөлім меңгерушісі Ақерке Қырғызбаевадан кеңес алды.
​Дәрігердің айтуынша, тұмау вирусы ағзаға түскенде ауру белгілері өте жылдам дамиды.


«Тұмау кенеттен басталады. Адамның дене қызуы санаулы сағатта 38,5°C–40°C аралығына дейін көтеріліп, науқасты қалтыратады. Бүкіл дененің, әсіресе арқа мен аяқ-қолдың сырқырап ауыруы — тұмаудың басты белгісі. Сондай-ақ алғашқы кезеңде мұрыннан су ақпауы мүмкін, бірақ тамақ құрғап, төс сүйегінің тусында қатты ауырсыну тудыратын құрғақ жөтел байқалады», -  деп түсіндірді Ақерке Нұрсланқызы.

,

- Дәрігер пікірінше егер осы белгілермен қатар тыныс алу қиындаса, көкірек тұсы қысылса немесе дене қызуы дәрілермен түспесе, уақыт жоғалтпай дәрігер көмегіне жүгінуі қажет. Тұмауға қарсы екпені 6 айдан асқан кез келген адамға алу ұсынылады дейді маман. 
«Екпе негізінен созылмалы ауруы барларға (жүрек, өкпе, қант диабеті). Жүкті әйелдердерге (кез келген мерзімде). 65 жастан асқан қарттар және 5 жасқа дейінгі балаларға. Медицина, білім беру және қызмет көрсету саласының мамандарына қажет. Екпені кімдерге салуға болмайтынында айта кетсем. Олар аллергиясы барларға және дәл сол күні дене қызуы көтеріліп, қатты ауырып тұрғандарға»,- дейді маман.

​Антибиотик -  вирустың жауы емес.

,
​
Көпшілік арасында суықтаған бойда антибиотикке жүгінетіндер аз емес. Әйтсе де, Ақерке Нұрсланқызы бұл әрекеттің денсаулыққа үлкен қауіп төндіретінін ескертеді.
 


«Антибиотик вирусты жоймайды, ол тек бактерияларға қарсы жұмыс істейді. Жүйесіз қабылданған дәрі ағзада бактериялардың резистенттілігін (тұрақтылығын) қалыптастырады. Салдарынан кейін шынымен антибиотик қажет болған сәтте ем қонбай қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, ол ішек микрофлорасын бұзып, иммунитетті одан бетер әлсіретеді», - дейді маман.

​Тұмау туралы үш қате түсінік.
​
Бөлім меңгерушісі халық арасында кең тараған қате түсініктерді де жоққа шығарды:

1) «Ауру тек суықтан болады». Шындығында дертті суық емес, вирус тудырады. Суық тию тек иммунитетті уақытша әлсіретіп, вирустың көбеюіне жол ашады.
2) «С дәрумені мен сарымсақ тұмауды емдейді»
Бұлар вирусты өшіре алмайды, тек ағзаға сүйемелдеуші қосымша көмекші құрал ретінде ғана әсер етеді.
3) «Ыстық монша вирусты өрттейді»

Дене қызуы көтеріліп тұрғанда моншаға түсу жүрек-қан тамырлары жүйесіне шамадан тыс күш түсіріп, өмірге қауіп төндіруі мүмкін.


​Дәрігер ұсынған үш басты ереже.
​
Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу және асқынулардың алдын алу үшін Ақерке Қырғызбаева мынадай карапайым, бірақ маңызды кеңестерді ұсынады:
1. ​Жыл сайын вакцина алу: Күз айларында салынған тұмауға қарсы екпе — өкпенің қабынуы сияқты ауыр асқынулардан қорғайтын ең сенімді қалқан.
2. ​Жеке гигиенаны сақтау: Қолды сабынмен жиі жуып, бөлмені желдетіп отыру керек. Ауру өршіп тұрған шақта адам көп жиналатын жабық орындарға баруды шектеген абзал.
3. ​Дұрыс күтім мен төсек режимі: Сырқаттана қалсаңыз, үйде қалып, мол жылы сұйықтық ішіңіз және төсек режимін сақтаңыз. Ең бастысы — дәрігердің рұқсатынсыз өз бетінше антибиотик ішпеңіз.

Денсаулыққа бейжәй қарау — асқынуларға әкелетін бірден-бір жол. Өз бетінше емделіп, ағзаға тәжірибе жасағанша, алғашқы белгілер байқалған бойда білікті мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Озбыр вирустан қорғанудың ең үздік тәсілі — дер кезінде жасалған алдын алу шаралары екенін ұмытпаңыз.

 

Ақсая ЖАЛҒАС

тілші