Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылында тұратын Бұрхан Жолтаевтың отбасылық кәсібі 16 жыл бұрын бір биеден басталған. Бүгінде мұнда «Қарқаралы Ақтерек» брендімен қымыз өндіріліп, өнім туған ауылынан тыс жерлерде де танылып үлгерді. Республика күні қарсаңында кәсіпкер «Ақтерек Қымыз» атты жаңа цех ашып, өндірісін дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасады. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі Қарағанды облысы әкімдігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Шаруашылықтың тарихы 2010 жылы бір биеден бастау алған. Қазір мұнда 30 бие сауылады, ал «Қарқаралы Ақтерек» брендінің құрылғанына алты жыл толған. Биыл Ақтерек ауылының қымызы Қарқаралы қаласында өткен BaiQymyz-2026 өңіраралық этно-гастрономиялық фестивалінде бас жүлдені иеленіп, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Ал Астанада өткен BaiQymyz халықаралық гастрономиялық фестивалінде шаруашылық «Дәстүр сақтаушы» номинациясына ие болды.

Қымыз өндірушінің айтуынша, фестиваль өнімін кеңінен танытуға ғана емес, кәсіпті дамытуға жаңаша көзқараспен қарауға да мүмкіндік берген.

— Кәсіп жүргізудің жаңа қырларымен танысып, бизнесті дамыту мен ілгерілетуге қатысты көптеген пайдалы ақпарат пен тәжірибе жинақтадым. Сондай-ақ өндіріске қойылатын заманауи талаптар туралы білдім. Мұның бәрі маған тың серпін беріп, кәсібімді одан әрі дамыту туралы шешім қабылдауыма ықпал етті, - дейді Бұрхан Жолтаев.

Жаңа цехтың ашылуы өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде шаруашылық ұлттық сусын өндіру көлемін төрт есе арттырып, тәулігіне 400 литрге дейін қымыз өндіре алады.

Жаңа цехтың ашылуымен кәсіпкерді Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин мен BaiQymyz фестивалін ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Қымыз өндірушілер қауымдастығының президенті Болат Қайыргелдіұлы құттықтады. Олар ұжымға толағай табыс тілеп, өндіріс көлемін одан әрі арттыруға сәттілік тіледі.
