Қарағанды жоғары инженерлік колледжіне 50 жыл толды

Сурет: Қарағанды облысының әкімдігі сайтынан

Кәсіптік лицейден заманауи шеберханалары мен озық цифрлық технологиялары бар, сұранысқа ие мамандар даярлайтын оқу орнына дейін. Қарағанды жоғары инженерлік колледжі жарты ғасырлық тарихында осындай белесті бағындырды.

Бүгінде мұнда мыңнан астам студент құрылыс, сәулет, техникалық және цифрлық мамандықтарды меңгеріп жүр.

Оқу орнының дамуындағы жаңа кезең былтыр басталды. Колледжге жоғары колледж мәртебесі беріліп, мамандар даярлау аясын кеңейтуге және қолданбалы бакалавриат бағдарламалары бойынша білім беруге мүмкіндік туды. Қазір сұранысқа ие бағыттардың қатарында құрылыстағы цифрлық жобалау, жылжымайтын мүлікті басқару және жасыл технологияларды енгізетін кәсіпорындарға маман даярлау бар.

Білім ордасы еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын біріктіретін Қазақстан-Қытай альянсына да қосылды. Құрамына 15 ұйым кіретін бұл бірлестік тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

— Біз мамандарды еңбек нарығының ертеңгі сұранысына сай даярлауға ұмтыламыз. Инвестициялық жобаларды зерделеп, кәсіпорындарға бір, екі немесе үш жылдан кейін қандай кадрлар қажет болатынын алдын ала анықтаймыз. Мәселен, қазірдің өзінде жел генераторларына қызмет көрсететін мамандарды даярлауға сұраныс түсіп жатыр, - деді колледж директоры Әсел Сапарова.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев мерейтойға орай колледж ұжымына оқу орнын дамытуға арналған ақшалай сертификат табыстады.

— Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі Қарағанды облысының өркендеуінде маңызды рөл атқарады. Өңірімізге шетелдік инвесторлар келіп, жаңа өндіріс орындарын ашып, колледждермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасуда. Мұндай әріптестік екі тарапқа да тиімді: кәсіпорындар білікті мамандармен қамтылса, колледждер материалдық-техникалық базасын жаңартып, студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Осылайша, еңбек нарығының нақты сұранысына сай мамандар даярлаймыз, - деді ол.

Мерейтойға оқу орнының бұрынғы басшысы Құдайберген Бексұлтанов та қатысып, ұжымды айтулы күнмен құттықтады. Ол колледжді 1990 жылдардағы күрделі кезеңде басқарған. Бұрынғы басшы білім ордасының бүгінгі материалдық-техникалық жағдайына жоғары баға беріп, құрылыс мамандықтарының сұранысқа ие екенін және түлектердің кәсіби келешегі зор екенін атап өтті.

Мерекеге жиналған қонақтар оқу шеберханалары мен кабинеттерді аралап, 3D-басып шығару құрылғыларын, цифрлық технологияларды және студенттердің жобаларын көрді.

Мерейтой соңы мерекелік концертке ұласты.