«Қазақстан Республикасы колледждерінің топ-100 студенті» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды. Қарағанды облысынан алты студент жеңімпаз атанды. Олардың қатарында джиу-джитсудан әлем чемпионы, өнеркәсіптік газдарды тазарту жобасын әзірлеген болашақ металлург және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған жобаның авторы бар.
Қарағанды облысынан үздік жүздіктің қатарына енген студенттер:
Айдана Ақмағанбетова — Bolashaq Қарағанды жоғары колледжі;
Ілияс Балтағазы — Bolashaq Қарағанды жоғары колледжі;
Ахмад Кәрібеков — IT & Business Қарағанды колледжі;Бүркіт Олжабай — Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі;
Әли Әбілов — «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжі;
Сергей Спиридопуло — Теміртау жоғары политехникалық колледжі.
Олардың әрқайсысының жетістікке жету жолы өзінше ерекше.

Мәселен, үшінші курс студенті Ілияс Балтағазы оқуды кәсіби спортпен қатар алып жүр. Джиу-джитсудан спорт шеберіне үміткер атанған ол бірнеше рет әлем чемпионы болып, Азия және Орталық Азия чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ спортшының қоржынында беделді Abu Dhabi Grand Slam турнирінің күміс және Бахрейнде өткен Азия жастар ойындарының қола медальдары бар. Биыл ол Қырғызстанда өткен AJP Tour өңірлік турнирінде алтын, ал Әбу-Дабиде ұйымдастырылған Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ильяс дене шынықтыру пәнінің мұғалімі-жаттықтырушысы мамандығы бойынша білім алуда. Жетекшісі — Анар Қайыркенқызы Сәбитова.

Теміртаулық Сергей Спиридопуло металлургияны меңгеріп қана қоймай, өндірісті экологиялық тұрғыдан таза ету жолдарын іздеуге бел буған. Ол кәсіпорындардан шығатын газдарды тазарту жүйесінің 3D-моделін әзірледі. Биыл Сергей «Металлургия» құзыреттілігі бойынша халықаралық чемпион атанып, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы болды. Жетекшісі — Мақпал Мұратқызы Баймендинова.

Бүркіт Олжабай әлі педагог мамандығын меңгеріп жүр, алайда болашақ мұғалімді мектеп қабырғасында жұмыс күтіп тұр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ ұстазы «Абай оқулары» және «Мұқағали оқулары» республикалық байқауларында бас жүлдені иеленген. Сондай-ақ Қанипа Бітібаева атындағы олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңде I дәрежелі дипломмен марапатталған. Оқуын аяқтаған соң Бүркіт Қарағандыдағы Абай Құнанбаев атындағы №104 мектеп-гимназиясында еңбек жолын бастай алады. Жетекшісі — Әлия Жұмажанқызы Қасымова.

Айдана Ақмағанбетова да болашағын педагогика саласымен байланыстырмақ. Ол бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Bolashaq колледжінің студенті болашақ педагогтерге арналған облыстық байқауларда бұған дейін де жеңіске жеткен. Топ-100 байқауына Айдана «Саусақ ұшындағы Қазақстан» жобасын ұсынды. Бұл — көру қабілеті бұзылған балаларға туған елінің тарихы мен ерекшеліктерін танып-білуге көмектесетін тактильді макет. Жетекшісі — Әйгерім Нұрболқызы Бейсенова.

Ахмад Кәрібеков IT саласын таңдағанымен, шығармашылық қабілетін де қатар дамытып келеді. IT & Business колледжінің студенті WorldSkills өңірлік чемпионатында бейнемонтаж құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Qaragandy StudentFest фестивалінде жүргізушілер байқауынан үшінші орын алып, «Экоквиз» сайысында жеңіске жеткен. Бұдан бөлек, облыстық дебат турнирінде жүлдегер атанды. Жетекшісі — Нұрасыл Нұрланұлы Нұрланов.

Әли Әбілов оқуды қоғамдық қызметпен ұштастырып жүр. Ол «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжіндегі студенттік парламентті басқарады. Болашақ электрмеханик зияткерлік сайыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Оның жетістіктері қатарында тарих пәнінен өткен республикалық олимпиаданың бірінші орны мен «Кітап оқитын колледж» облыстық байқауындағы жеңісі бар. Сонымен қатар ол халықаралық ғылыми конференцияның жүлдегері атанды. Жетекшісі — Нұржан Шынәлиұлы Бектаев.
«Қазақстан Республикасы колледждерінің топ-100 студенті» байқауы оқу үлгерімі жоғары, таңдаған кәсібін терең меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыратын және қоғамдық өмірде белсенділік танытатын студенттерді анықтауға бағытталған. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: алдымен колледждер арасында өткізіліп, кейін республикалық финалмен аяқталды.
Дереккөз: Gov.kz