Шабақтан қара уылдырыққа дейін: Қарағанды облысында бекіре қалай өсіріледі

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында сырт көзге кәдімгі су бассейндеріне ұқсайтын арнайы қондырғыларда бекіре тұқымдас балықтар өсіріліп, қара уылдырық алынады және бекіре етінен консервілер өндіріледі. «Қарағанды Осетр» кәсіпорнында өндіріс үдерісі уылдырықты инкубациялаудан басталып, дайын өнім шығаруға дейін жалғасады. Балықтардың жай-күйі датчиктер мен автоматтандырылған жүйелер арқылы бақыланса, мамандар ультрадыбыстық зерттеу көмегімен бекіренің жынысын және аналықтарының уылдырығының жетілу деңгейін анықтайды.

Балық өсіру кешенінің құрылысы 2013 жылы басталып, 2015 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде шаруашылықта сүйрік, сібір бекіресі, орыс бекіресі, сондай-ақ калуга мен амур бекіресінің буданы өсіріледі.

Өндірістік ғимараттарда жалпы көлемі шамамен 600 текше метр болатын 13 бассейн бар. Балықтар көлемі мен өсіру мақсатына қарай топтарға бөлінеді. Су артезиан ұңғымаларынан алынып, қосымша ультракүлгін сәулемен тазартылады. Осыдан кейін бекіре тұқымдас балықтарды өсіруге пайдаланылады.

Судың сапасын автоматтандырылған жүйе бақылайды. Датчиктер оның негізгі көрсеткіштерін, соның ішінде оттегінің мөлшерін үздіксіз өлшейді. Көрсеткіштер белгіленген деңгейден ауытқыса, жүйе дабыл беріп, қызметкерлердің дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік жасайды.

— Кешеніміз біршама автоматтандырылған. Судың барлық негізгі көрсеткішін электрондық жүйе бақылап отырады. Оттегінің мөлшері төмендесе немесе басқа параметрлер өзгерсе, дабыл қосылады. Қызметкерлер бірден тиісті шара қолданады, – деді «Қарағанды Осетр» ЖШС директоры Дмитрий Абильдин.

Алайда өндірісте автоматтандырудың өзі жеткіліксіз. Балықтарды қолайлы жағдайда өсіріп, дұрыс азықтандыру үшін оларды салмағына қарай жүйелі түрде сұрыптап отырады. 

Бекірелерді тексеру кезінде ультрадыбыстық зерттеу жабдығы қолданылады. Оның көмегімен мамандар балықтың жынысын анықтап, аналықтарының уылдырығы қаншалықты жетілгенін бағалайды. Бұл көбеюге жарамды балықтарды іріктеуге мүмкіндік береді.

Шаруашылық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – қара уылдырық өндіру. Оның сапалық сипаттамалары, соның ішінде уылдырық түйіршіктерінің көлемі мен түсі балықтың түріне және жеке ерекшеліктеріне байланысты. Кәсіпорында аналық балықты өлтірмей-ақ уылдырық алуға мүмкіндік беретін әдіс те қолданылады. Процедурадан кейін балық қалпына келуі үшін қайтадан бассейнге жіберіледі.

Қара уылдырықтан бөлек, шаруашылықта бекіре етінен консервілер де шығарылады. Кәсіпорын өңдеу бағытын дамыта отырып, тұтынушыларға тек жаңа ауланған балықты ғана емес, дайын өнім түрлерін де ұсынуды көздейді.

Кешеннің жобалық қуаты жылына 45 тонна тауарлық балық пен 2,5 тонна қара уылдырық өндіруге есептелген. Өнім Қазақстанда сатылады және ТМД елдеріне жеткізіледі. Кәсіпорын қара уылдырықты АҚШ-қа экспорттап та көрген.

Сонымен қатар бекіре өсіру балықтың жай-күйін ғана емес, судың сапасын, жемшөп пен шабақтардың сапасын да тұрақты бақылауды талап етеді. Осыған байланысты шығындардың бір бөлігі мемлекеттік қолдау аясында өтеледі.

Шаруашылықта уылдырықты өздері инкубациялап, шабақ өсіреді. Дегенмен қажет болған жағдайда басқа өндірушілерден де балық сатып алады.