«ҚАЙСАР РУХ»: КӘРІПБЕК КҮЙІКОВТІҢ КІТАБЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Сурет: Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Осы күнге орай Қарағандыда жерлесіміз, белгілі суретші әрі ядролық сынақтарға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» атты кітаптарының таныстырылымы өтті.

Кездесу «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылып, тағылымды шараға кітапсүйер қауым мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кәріпбек Күйіковтің шығармаларында Семей полигонының зардабын өз көзімен көрген адамның тағдыры, өмірге деген көзқарасы мен қайсарлығы баяндалады. Автордың туындылары арқылы өткен ғасырдағы зұлмат кезеңнің адам өміріне салған ауыр салмағы мен оның кейінгі ұрпаққа қалдырған қасіреті көрініс табады.

Таныстырылым барысында ядролық сынақтардың зардабын ұмытпай, тарихи сабақтарды кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызы сөз болды.

«Туындыда зобалаңға толы күрделі кезеңді басынан өткерген жанның өмірлік философиясы сипатталады. Әлбетте, өткеннің зардабын түгел жоя алмаспыз. Бірақ келер ұрпақты сондай қасіреттен сақтап қалу — қолымыздан келетін іс», — деп жазды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Кітап таныстырылымы — тарихты еске алу ғана емес, бейбітшіліктің қадірін ұғындырып, келер ұрпаққа ядролық сынақтардың қайталанбасын деген ойды жеткізетін тағылымды кездесу болды.