Қарағанды облысында үздік ұстаздар марапатталды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Ұстаздар күніне орай Қарағанды облысында ғұмырын бала тәрбиесі мен білім беруге арнаған жандарға құрмет көрсетілді. «Ұстазыма алғыс» атты мерекелік жиынға білім саласының өкілдері — мұғалімдер мен тәрбиешілер, мектеп басшылары, сондай-ақ педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты.

— Болашақ туралы сөз қозғағанда, оның мектеп қабырғасында қалыптасатынын есте ұстағанымыз жөн. Бала дәл осы жерде өз қабілетін ашып, қандай биіктерді бағындыра алатынын тани бастайды. Баланың бойындағы талантты дер кезінде байқап, оған қолдау көрсетіп, алғашқы қадамын жасауға жол сілтеген жан құрметті атаққа — ұстаз деген ұлы есімге лайық! Ұстаз еңбегінің жемісі арада жылдар өткенде, кешегі шәкірт білікті маманға айналғанда көрінеді. Шәкірттеріңіз биік белестерді бағындырып, сіздерден алған білім мен тәлімді ел игілігіне жаратсын! — деп Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев педагогтерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Өңір басшысы мемлекет тарапынан білім беруді дамытуға және педагогтерді қолдауға айрықша мән беріліп отырғанын атап өтті. Жаңа Конституцияда педагог мәртебесі бекітіліп, адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалған.

Соңғы үш жылда облыста 13 жаңа мектеп бой көтерді. Білім беру ұйымдарының ғимараттары жаңартылып, оқу кабинеттері, асханалар мен спорт залдары заманауи талаптарға сай жабдықталуда. Мектептерде физика, химия, STEM және робототехника бағыттарына арналған заманауи кабинеттер ашылуда. Әсіресе ауыл мектептерін дамытуға айрықша көңіл бөлінуде.

Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін қосымша білім беру жүйесі де кеңейіп келеді. Майқұдық пен «Голубые Пруды» шағынауданында шығармашылықты дамыту орталықтарының, Нұра ауданында Өнер үйінің құрылысы аяқталуға жақын. 

Қарағанды қаласы мен Шет ауданында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері ашылды. Ал Шахтинск қаласында аутизмі бар балаларды қолдау орталығын ашу жоспарланып отыр.

Оқушылардың жетістіктері де осы еңбектің нәтижесін айқын көрсетеді. «Мұрагер» мектебінің командасы Хьюстонда өткен робототехникадан әлем чемпионатында жеңімпаз атанса, ақпараттық технологиялар лицейінің командасы Абу-Дабиде өткен RoboCup жарысында топ жарды. Облыс тарихында алғаш рет география пәнінен екі алтын медаль — республикалық және Еуропалық олимпиадаларда жеңіп алынды. Бұл — қарағандылық оқушылардың соңғы жылдардағы толағай жетістіктерінің бір парасы ғана.

Впервые в истории области завоёваны две золотые медали по географии — на республиканской и Европейской олимпиадах. И это далеко не все достижения карагандинских школьников.

Әрбір жетістіктің артында шәкіртінің қабілетін танып, оны дамытуға бағыт-бағдар беретін, қиындықтан қаймықпауға және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге баулитын ұстаздардың күнделікті тынымсыз еңбегі жатыр.

Ұстаздар күні білім ордасына бар ғұмырын арнаған жандарға да ерекше құрмет көрсетілді. 

Білім беру саласындағы елеулі жетістіктері мен айрықша еңбегі үшін Қарағанды облысының бірқатар педагогі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. 

Олардың қатарында «Парасат» және «Құрмет» ордендері, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдары бар. «Парасат» орденімен Шет ауданындағы Ю. Гагарин атындағы мектеп-лицейдің физика пәнінің мұғалімі Аманжол Жекебай мен Қ. Сәтбаев атындағы гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Владислава Юшкина марапатталды.

— Мен үшін бұл марапат — көп жылғы еңбегімнің еленгенінің белгісі. Білім саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Мен әрдайым мұғалімнің басты міндеті тек білім беру емес, шәкіртінің өзіне сенуіне, жүрек қалауын тауып, өмірден өз орнын табуына жол ашу деп есептеймін. Сондықтан педагог үшін ең үлкен марапат — шәкіртінің жетістікке жетіп, өз жолын тапқанын көру, — дейді Аманжол Жекебай.

«Шапағат» медалін Астанада №3 арнайы мектеп-интернаттың педагогі Елена Тарасоваға Мемлекет басшысы табыстады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек еткен педагогтер — білім саласының ардагерлері Сара Төленова мен Лидия Салдина, сондай-ақ Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елена Крыженкова марапатталды.

— Мұғалім мамандығында ең бастысы — балаларды жақсы көру, үнемі іздену, білімді жетілдіру және шәкірттеріңе сену. Білімің, еңбекқорлығың және өз ісіңе деген сүйіспеншілігің болса, кез келген қиындықты еңсеруге болады. Мен үшін ең үлкен мақтаныш — бүгінде дәрігер, оқытушы болып жүрген шәкірттерім. Ал қызым менің жолымды жалғап, өзі де химия пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп жүр, — деп бөлісті Сара Төленова.

Дәстүр бойынша бұл күні «Қарағанды облысының білім беру саласының құрметті педагогы» төсбелгісі табысталып, облыс әкімінің 800 АЕК мөлшеріндегі, яғни 3 млн 460 мың теңге көлеміндегі сыйлығы берілді.

Марапатталғандар қатарында:

* Шахтинск технологиялық колледжі директорының орынбасары Малика Орынбасарова;

* №2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-лицей-интернатының тарих және құқық негіздері пәндерінің мұғалімі Перуза Жайықпаева;

* Теміртау қаласындағы Ғ. Мұстафин атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сара Темірболатова;

* Қарағанды қаласындағы М. Жұмабаев атындағы гимназия директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнар Уатаева;

* Қарағанды облысы білім басқармасының Қарағанды облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация мекемесінің директоры, мұғалім-логопед Жанар Ержолова.

— Барша ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын! Еңбегіміздің жемісін көріп, одан қуаныш пен қанағат таба берейік! Бүгін ұстаз еңбегінің ең жоғары деңгейде бағаланып, мойындалып отырғанын көру ерекше қуантады. Бұл бізге бұдан да жақсы жұмыс істеуге үлкен серпін береді, — деп әріптестерін Ұстаздар күнімен құттықтады Сара Темірболатова.