Қарағанды облысының Достық үйінде Қарағанды облысынан шыққан көрнекті өнер қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған этнос өкілдері арасындағы «Сарыарқа – ән мен жырдың мекені» облыстық байқауы өтті.
Мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – Сарыарқа өңірінен шыққан көрнекті ақындар, жыраулар, композиторлар мен өнер қайраткерлерінің шығармаларын кеңінен насихаттау, ұлттық өнерге деген құрметті арттыру, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері арасында мәдени сабақтастықты нығайту.
Байқаудың басты ерекшелігі – Қарағанды облысында тұратын түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын шығармашылық тұрғыда дәріптеуі. Өнер додасы қатысушыларға ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысып, шығармашылық қабілеттерін танытуға және өзара мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.
Мерекелік бағдарламаны Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің халықаралық конкурстардың лауреаты «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі және «Мәдениет саласының үздігі», Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Гүлбану Серікова ашты.
Байқаудың ашылу салтанатында Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Гүлнар Қалиқызы Касембаева қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.
Байқауға қатысушылардың өнерін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Күліш Төлеуханқызы Төлеуханова, Қарағанды облысының «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Вероника Владимировна Уз және халықаралық әрі республикалық конкурстардың лауреаты, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің эстрада бөлімінің оқытушысы Гүлзар Әділғазықызы Абдуалиева бағалады.
Байқау екі шығармашылық бағыт бойынша ұйымдастырылды.
«Өлеңмен өрілген өлке рухы» номинациясында қатысушылар Қарағанды облысынан шыққан қазақтың көрнекті ақындары мен жырауларының шығармаларын мәнерлеп оқыды.
Номинация бойынша жүлдегерлер:
I орын – Алия Джапарова
II орын – Виктория Естремская, Ниль Йылмаз
III орын – Марк Урнявичус.
Ал «Арқа әні – ұлттың үні» номинациясында қатысушылар Қарағанды өңірінде дүниеге келген көрнекті қазақ композиторларының әндерін орындады.
Номинация бойынша жүлдегерлер:
I орын – Татьяна Сарангова
II орын – Валерия Рубан-Цой
III орын – Олеся Падалка.
«Сарыарқа – ән мен жырдың мекені» облыстық байқауы қазақ халқының бай рухани мұрасын түрлі этнос өкілдері арасында кеңінен насихаттап, өнер арқылы қоғамдық келісім мен мәдени сабақтастықтың маңызын айқындаған тағылымды мәдени шара болды.