Қазақстанның «Үлкен дулығасы»: әлемдік семсерлесудегі тарихи үстемдік

Фото: Turizm_jane_sport_ministrligi

Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы кейінгі төрт айда Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Азия ойындарында жеңіске жетіп, әлемдік семсерлесу тарихында бірегей нәтижеге қол жеткізді.

Статистикаға көз жүгіртсек, бұған дейін ерлер арасындағы сапымен семсерлесуден бірде-бір құрама бір жыл ішінде құрлық чемпионатын, әлем чемпионатын және құрлықтық ойындарды қатарынан жеңіске жетпеген.

Бұл – Қазақстан спорты үшін де бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұған дейін еліміздің бірде-бір командасы бір маусымда халықаралық күнтізбедегі барлық басты жарыста топ жармаған.

Әлемдік спортта осындай ауқымды жетістіктерге арнайы атау беру бұрыннан қалыптасқан. Теннисте оны «Үлкен дулыға», футболда «требл» деп атайды. Семсерлесуде мұндай жеңістер сериясын сипаттайтын ресми термин жоқ. Дегенмен жетістіктің ауқымы мен мәніне қарай Қазақстан құрамасы бір маусымда өзінің «Үлкен дулығасын» жинады деуге негіз бар.

Жеңісті жол маусым айында Делиде өткен Азия чемпионатынан басталды. Қазақстандық семсерлесушілер құрлық біріншілігінде топ жарып, маусымдағы алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді.

Арада бір ай өткенде Гонконгта өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтиже көрсетіп, командалық сайыста алғаш рет әлем чемпионы атанды.

Жеңісті серия Нагоядағы Азия ойындарында жалғасты. Финалда Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай Оңтүстік Корея құрамасымен шеберлік байқасты. Шешуші бәсекеде тоғыз ұпай айырмасымен жеңіліп жатқан қазақстандықтар керемет камбэк жасап, жарыс соңында 43:42 есебімен жеңісті қарсыластарынан жұлып алды.

Осылайша, жерлестеріміз араға 24 жыл салып Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Бұған дейін еліміздің ерлер құрамасы 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарында жеңіске жеткен еді.

Бұл жетістіктің мәні әлемдік семсерлесудегі бәсекенің аса жоғары деңгейін ескергенде тіпті айқындала түседі. Семсерлесудің әлемдік элитасында ондаған жылдар бойы осы спорт түрінен ғасырлық дәстүрі қалыптасқан ұлттық мектептері бар елдер көш бастап келеді. Франция, Италия, Жапония және Оңтүстік Корея – мол тәжірибесі, қуатты спорт резерві және Олимпиада чемпиондарының бірнеше буыны қалыптасқан семсерлесудің дәстүрлі орталықтары.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз олимпиадалық спорт түрлерін жүйелі түрде дамытып, спортшыларымыздың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті жағдай жасап келеміз. Бұл нәтиже – мемлекеттің зор қолдауымен Федерацияның, жаттықтырушылар штабы мен спортшылардың жүйелі жұмысының жемісі. Федерация заманауи әдістемелер мен ғылыми тәсілдерді енгізіп келеді. Ал тәжірибе алмасу мақсатында мемлекет тарапынан тартылған шетелдік мамандар отандық жаттықтырушыларымыздың жұмысын күшейтуге үлес қосуда», – деді Ербол Мырзабосынов.

Қазақстан тарихи тұрғыдан әлемдік семсерлесудің дәстүрлі орталықтарының қатарына кірген емес. Соған қарамастан, бүгінде ұлттық құрама әлемдік аренада жаңа белеске көтерілді. Жүргізілген талдауға сәйкес, қазақстандық спортшылар ерлер арасындағы командалық бәсекеде бұған дейін ешбір құрама қол жеткізбеген нәтижені тіркеп отыр.

Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуовтың айтуынша, бұл жетістік қазіргі құраманың ел спорты тарихындағы айрықша орнын көрсетеді.

«Меніңше, бүгінде бұл команда аңызға айналған құрама деген атқа әбден лайық. Нәтиже өскен сайын бізге артылатын үміт пен жауапкершіліктің де арта түсетінін түсінеміз. Біз бұл жетістікті соңғы меже емес, енді сақтап қалуымыз қажет жаңа деңгей деп қабылдаймыз. Алда Олимпиадаға іріктеу кезеңі тұр. Келесі міндетіміз – жоғары деңгейімізді ұзақ мерзімде дәлелдеу», – деді ол.

Бұл табыс Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан семсерлесу федерациясының жүйелі әрі бірлескен жұмысының нәтижесі. Спортшылардың шеберлігі, жаттықтырушылар штабының кәсібилігі, Федерацияның жүйелі жұмысы мен мемлекеттің жан-жақты қолдауы бір арнаға тоғысып, тарихи нәтижеге жол ашты.

Төрт ай бұрын Қазақстан бұл жолды Азия чемпионатының алтынымен бастаған еді.

Дереккөз: Turizm_jane_sport_ministrligi