Құтыру – адам өміріне аса қауіпті, клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін емі жоқ жұқпалы ауру. Сондықтан оның алдын алу және жануарлармен қарым-қатынас кезінде сақтық шараларын сақтау өте маңызды.
«Құтырудың алдын алуда ең бастысы – жануар тістеген, тырнаған немесе оның сілекейі тиген жағдайда медициналық көмекке уақытылы жүгіну. Жарақат алған жерді таза сумен және сабынмен мұқият жуып, жараның шеттерін йод тұнбасымен өңдеу қажет. Одан кейін тұрғылықты жері бойынша травматологиялық пунктке барып, құтыруға қарсы екпе курсын толық алу керек. Егер жарақаттаған ит немесе мысық белгілі болса, оны ветеринариялық дәрігерге көрсету қажет. Жануар10 күн бойы ветеринариялық бақылауда болады, осы кезеңде 3 рет екпе тағайындалады. Ал жарақаттаған ит немесе мысық қашып кеткен немесе өліп қалған жағдайда, 6 рет екпе тағайындалады», – деді Қарағанды қаласы Қазыбекби атындағы ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Н.М. Аймағанбетов.
Әрбір адам құтырудан болатын өлімнің алдын алудың жалғыз жолы – құтыруға қарсы екпелердің толық курсын уақтылы алу екенін білуі тиіс. Құтыруға қарсы вакцина Дүниежүзілік денсаулықсақтау ұйымының талаптарына сәйкес сертификатталған және тегін жүргізіледі.
Маманның айтуынша, құтырудың алдын алуда үй жануарларын да ұмытпау қажет. Ит пен мысықты ветеринариялық дәрігерге көрсетіп, құтыруға қарсы вакцинациядан уақытылы өткізу керек. Мінез-құлқында өзгерістер байқалған жануарларды балалардан аулақ ұстап, оқшаулап, ветеринариялық дәрігерді шақырған жөн.
Құтыруға қарсы екпе алып жүрген адамдар вакцинацияның барлық кезеңінде сақтықшараларын сақтауы тиіс. Атап айтқанда, алкогольдік ішімдіктерді қолдануға, темекі шегуге және ауыр дене жұмыстарын атқаруға болмайды. Суық тиюден сақтанып, шамадан тыс шаршамау қажет. Екпе қабылдар алдында тамақтанып алу керек, вакцинаны аш қарынға салуға болмайды.
Құтырудың алдын алудың ең маңызды шарты – жануардан жарақат алған кезде уақыт жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну және құтыруға қарсы вакцинацияның толық курсын уақтылы алу.