Академиялық ескек есуден тарихи алтын жүлденің иегерлері елге оралды

Сурет: Қазақстан Республикасы Туризм жəне спорт министрлігінің ресми telegram-каналы

Бүгін Астана қаласына ХХ жазғы Азия ойындарында бақ сынаған академиялық ескек есуден Қазақстан командасы оралды. Азия ойындарында осы спорттан тарихи алтын медаль жеңіп алған Владислав Яковлев пен Иван Чернухинді, өзге спортшылар мен бапкерлерді әуежайдан туыстары, БАҚ өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алды. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов команданы айтулы жетістігімен құттықтап, бұл алтын медаль еліміздегі академиялық ескек есудің бұқаралық сипат алуына, дамуына өзгеше серпін беретінін атап өтті.

«Бұл қазір керемет күйде жүрміз. Алтын медаль алған кездегі команданың құттықтауы әлі көз алдымда тұр. Иван екеуміздің бірге өнер көрсетіп жүргенімізге бірнеше маусым болды. Былтыр Азия чемпионында небәрі 3-орын алған едік. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп осы нәтижеге жеттік. Бастысы, осы қарқынды тоқтатпауымыз керек. Осы алтынның қандай еңбекпен келгенін түсінеміз. Бізге қолдау көрсеткен жандарға, сапалы дайындық үшін барлық жағдайды жасаған мемлекетке рақмет айтамыз», - деді қатарынан 4 Олимпиадаға қатысқан Владислав Яковлев.

БАҚ өкілдеріне сұхбат барысында Ұлттық құраманың бас бапкері Аслан Құсайынов спортшылар мақсатты толық орындағанын жеткізді.

«Біз Азия ойындарына қойған жоспарымызды толық орындадық. Сонымен қатар бірнеше спортшымыз 4-орын алып, жүлдеге сәл жетпей қалды. Алда сондай сәттерді сараптап, қателіктерден сабақ аламыз. Қазір бастысы демалып, қайта қалыпқа келуіміз керек. Келесі маусымнан бастап, Лос-Анджелес Олимпиадасына лицензияға таласамыз», - деп айтты Асылан Құсайынов.