Қарағандыда қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобалардың негізгі бағыттарының бірі – шаһардың орталық бөлігін жарты ғасырдан астам уақыт бойы жылумен қамтамасыз етіп келе жатқан М-2 жылу магистралін қайта жаңарту.
Жоба аясында құбырлардың диаметрі 500 миллиметрден 800 миллиметрге дейін ұлғайтылады. Бұл жылу желісінің өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, болашақта жаңа нысандарды жүйеге қосуға мүмкіндік беретін қосымша қуат қорын қалыптастырады.

М-3 жылу магистралін жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Көгілдір тоғандар ауданынан Карл Маркс көшесіндегі жол өткеліне дейін созылатын учаскеде құбыр желісінің төрт тармағы түгелдей ауыстырылады. Олардың бірінің диаметрі ұлғайтылады. Сонымен бірге желінің бір бөлігі жерүсті тәсілінен жерасты төсеу әдісіне көшіріледі.

ЖЭО-3-тен Орталық жылу тарату пунктіне дейінгі бірінші кезектегі жылу магистралін қайта жаңарту да жалғасуда. Мұндағы жұмыстың негізгі бөлігі қазірдің өзінде аяқталған.

Қаладағы электр желілері инфрақұрылымын жаңғыртуға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Әлихан Бөкейхан ауданында, Үзенка мен ЖБИ шағын аудандарында, Оңтүстік-Шығыс пен Жаңа Майқұдықта электр желілерінің жаңа және жаңартылған учаскелері пайдалануға беріліп жатыр. Бұдан бөлек, электр желілерінің тіректері ауыстырылып, трансформаторлық қосалқы станциялар жаңғыртылуда.
Биыл «Қарағанды Су» кәсіпорны 28 нысанда қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Жалпы ұзындығы шамамен 36,7 шақырым болатын инженерлік желілерді жаңарту жоспарланған.
Жұмыстың басты мақсаты – барынша тозған учаскелерді жаңартып, апаттық жағдайлардың санын және су шығынын азайту.

Қаланы газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта бес іске қосу кешеніндегі құрылыс жұмыстары аяқталған. Газ желілері 10 мыңнан астам жеке тұрғын үйге жеткізілді.
Қазір «Күнгей» және «Таугүл» шағын аудандарында, сондай-ақ бірінші кезектің жетінші іске қосу кешенінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қарағандыдағы инфрақұрылымдық жаңғырту тек инженерлік желілермен шектелмейді. Оңтүстік-Шығыс пен Майқұдықты байланыстырып, Шығыс айналма жолына шығатын жаңа жолдың құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар Приканальная аумағында және Университет көшесінің Гапеев көшесіне шығатын жалғасында жол құрылысы жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, орамішілік көшелер жаңартылып, қала жолдарында қайта жаңарту және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.