Елдің ең мықты жас шабандоздары Қарағанды облысында бақ сынауда

Фото: Gov.kz

Қарағанды облысында 2006–2008 жылдары туған жастар арасында аударыспақтан Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің 16 өңірінен 200-ге жуық спортшы жиналды.

Бұл – өңірде осындай деңгейдегі жарыстың алғаш рет өткізілуі. Қарағанды облысының намысын 16 спортшы қорғап отыр.

Аударыспақ – ат үстінде өтетін қазақтың дәстүрлі күрес түрі. Жарыс барысында екі шабандоз бір-бірін ерден аударып түсіруге тырысады.

– Жастардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы жоғары. Өйткені оның тамыры ұлттық болмысымызда жатыр. Мұнда шабандоздың күші мен ептілігімен қатар, атпен өзара түсіністігі де аса маңызды. Шабандоз ерден сырғып түсе бастаған сәтте ат оның қимылын сезініп, соған қарай әрекет етуі керек. Бұл – өте маңызды, – дейді Қарағанды облысының Аударыспақ федерациясының президенті Айдар Құтышев.

Оның айтуынша, өңірде аударыспаққа қызығушылық жыл санап артып келеді. Спортшыларға арналған Turan-ElQazaq Sport орталығында оқу-жаттығу жиындары мен жаттығулар өткізіледі. Облыстық федерацияның қолдауымен жастардың жаттығуы тегін ұйымдастырылған.

Қарағанды құрамасының жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары. Былтыр жергілікті спортшылар жасөспірімдер арасындағы республикалық біріншілікте жақсы нәтиже көрсетті.

Болашағынан үміт күттіретін спортшылардың бірі – Шет ауданынан келген 17 жастағы Ақбар Кәріғұл. Ол 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

– Бала кезімнен ат үстіндемін. Аударыспақпен екі жыл бұрын айналыса бастадым. Көп жылдан бері жылқымен жұмыс істеп келемін, сондықтан осы спорт түрінен өзімді сынап көруді жөн көрдім. Қазақстан Республикасының чемпионатында қола жүлдегермін, сондай-ақ Қарағанды облысының чемпионы атандым. Ертең қарсыластарым белгілі болады, – деді Ақбар Кәріғұл.

Чемпионаттың алғашқы медальдары да сарапқа салынды. Жарыстың бірінші күнінде 52, 57 және 62 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде жеңімпаздар анықталды. 52 келіге дейінгі салмақта қола медальді тағы бір Шет ауданының өкілі – Алик Бычков иеленді.

– Аударыспақпен айналысып жүргеніме биыл сегіз жыл болды. Облыстың бірнеше дүркін чемпионымын. Бұл жарыста екі қарсыласым болды, екеуі де өте мықты. Ұлттық спорт түрлерін дамытуға және оған мүмкіндігінше көбірек жасты тартуға күш салуымыз керек деп ойлаймын, – дейді чемпионат жүлдегері.

Жарыс үш күнге созылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының дипломдары, кубоктары мен медальдары, сондай-ақ демеушілердің ақшалай сыйлықтары табысталады.

Дереккөз: Gov.kz