Қарағанды хайуанаттар бағының тұрғындары қатарына Ерла мен Гуля атты жас полярлық қасқырлар қосылды. Ақ қасқырлар жұбы мұнда бір аптаға жуық уақыт бұрын жеткізілген. Қазір олар жаңа мекеніне біртіндеп бейімделіп жатыр.
Хайуанаттар бағының хабарлауынша, екі қасқырдың да жасы бір жылдан сәл асады. Бейімделу кезеңінде олар жаңа қоршауларын барлап, айналасындағы бейтаныс ортаға үйреніп, әр нәрсені қызығушылықпен зерттеп жүр.
Ерла мен Гуляны тамашалағысы келгендерге ұзақ күтудің қажеті жоқ. Қазірдің өзінде хайуанаттар бағына келген қонақтар жаңа тұрғындарды көре алады.

Полярлық қасқыр, яғни ақ қасқыр, Солтүстік Америка мен Гренландияның қатаң табиғаты қалыптасқан арктикалық тундрасында тіршілік етеді. Оның ақ түсті қалың жүні қарлы далада көзге түспей, табиғи ортаға етене болуына мүмкіндік береді. Ал шағын құлақтары мен қысқа тұмсығы денедегі жылуды сақтап, суық климатқа бейімделуіне көмектеседі.
Дереккөз: Gov.kz