Қарағанды облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қарағанды қаласында мектеп пен Шығармашылықты дамыту орталығы, Приозерскіде 320 орындық балабақша салынып жатса, облыстық онкологиялық диспансерде жаңа операциялық-реанимациялық блоктың құрылысы аяқталуға жақын.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов мәлімдеді.
Қарағанды қаласының Үлкен Михайловка ауданында 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Ол апатты жағдайда тұрған №44 мектеп ғимаратының орнына бой көтереді.
Майқұдықта балалар қосымша білім алып, шығармашылықпен айналыса алатын Шығармашылықты дамыту орталығы пайда болады. Ал Приозерскіде 320 орындық балабақшаның құрылысы басталды.
Тағы бір ірі жоба — Қарағандыдағы облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы. Оны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа блок емхананың және химиотерапия бөлімшесінің алаңдарын кеңейтуге, жоғары технологиялық операциялардың санын арттыруға және пациенттерді емдеу жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.
Балқашта өрт сөндіру депосының құрылысы жалғасып жатыр. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

— Құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына ерекше көңіл бөлінеді. Әр нысан бойынша жұмыстардың орындалуына мониторинг жүргізіледі. Жұмыстардың кешігуі анықталған жағдайда заңнамаға және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес шаралар қабылданады, — деді Абылай Смағұлов.
Облыста тұрғын үй құрылысы да белсенді жалғасып жатыр. 2026 жылы 600 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 80%-дан астамы жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етіледі. Сегіз айдың қорытындысы бойынша 240,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Дереккөз: Gov.kz